Бала тууға байланысты жәрдемақыны ең көп рәсімдейтін өңірлер белгілі болды

АСТАНА. KAZINFORM – «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы бала тууға байланысты жәрдемақыны рәсімдеу бойынша көш бастап тұрған өңірлердің рейтингін жариялады.

Фото: pexels.com

Бұл қызметке ең көп жүгінген өңір – Түркістан облысы.

– Биыл Түркістан облысында бала тууға байланысты жәрдемақы 17 424 рет рәсімделген, – делінген хабарламада.

Екінші орында Алматы қаласы тұр. Мұнда аталған мемлекеттік қызметті 11 624 азамат алған.

Ал үздік үштікті 10 723 рәсімделген өтініммен Астана қаласы түйіндейді.

Рейтингтің төртінші және бесінші орындарына Алматы облысы мен Шымкент қаласы жайғасты.

Атап айтқанда, Алматы облысында - 10 369, ал Шымкент қаласында 10 037 жәрдемақы рәсімделген.

– Әрбір рәсімделген құжат – еліміздің бір азаматы және отбасы мен балаға көрсетілетін мемлекеттік қолдаудың маңызды қадамы, – деп атап өтті «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы.

Ведомство өкілдерінің айтуынша, бала тууға байланысты жәрдемақыны рәсімдеу қызметі азаматтар арасында ең сұранысқа ие әлеуметтік қызметтердің бірі болып саналады.

Айта кетейік, Астанада жазғы демалыспен 242 мыңнан астам бала қамтылады.