Балабақша кезегі 160 мыңнан 23 мыңға дейін қысқарды

АСТАНА. KAZINFORM – Елімізде ваучерлік қаржыландыру нәтижесінде 2 жастан 6 жасқа дейінгі балалардың балабақша кезегі 160 мыңнан 23 мыңға дейін қысқарды. Бұл туралы ҚР Оқу-ағарту бірінші вице-министрі Шынар Ақпарова мәлімдеді.

Фото: Kazinform

Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында ол елімізде ваучерлік қаржыландыру бойынша пилоттық жоба 20 қала мен облыстардың 23 ауданында жүзеге асырылып жатқанын айтты.

– Жоба аясында 1,1 млн ваучер берілді. Соның нәтижесінде 2 жастан 6 жасқа дейінгі балалардың кезегі 160 мыңнан 23 мыңға дейін қысқарып, бюджет қаражатының 35,3 млрд теңгесі үнемделді, – деді Шынар Ақпарова.

Бүгінде елімізде 12 мыңнан астам мектепке дейінгі ұйым жұмыс істейді. Оларда 1 миллионнан астам бала тәрбиеленіп жатыр. Оның ішінде 360 мың бала мектепалды даярлықтан өткен. Атап айтқанда, 193 мың бала мектепке дейінгі ұйымдарда, 167 мың бала мектептердің мектепалды сыныптарында даярланған.

Айта кетейік, бұған дейін буллингке тосқауыл қою мақсатында жаңа оқу жылында қандай қосымша тетіктер енгізілетінін жазғанбыз.