Балабақша мен колледж педагогтерін қорғаудың қосымша тетігі енгізілді

Фото: Виктор Федюнин/ Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM — Балабақша, кәсіптіктік білім беру саласындағы барлық педагогтерді өз міндетіне жатпайтын функцияларды атқарудан қорғайтын норма енгізілді. Бұл туралы Мәжілістің жалпы отырысында білім беру мәселелері бойынша өзгеріс енгізуді талқылау кезінде депутат Асхат Аймағамбетов мәлім етті. 

— Өз міндетіне жатпайтын функцияларды атқарудан қорғауды кеңейту ескерілген. 2020 жылдан педагогтерді өз міндетіне жатпайтын жұмысқа тартпау туралы норма бар. Бірақ ол негізінен мектеп мұғалімдеріне қатысты болды. Балабақша тәрбиешілері мен колледж педагогтері заң жүзінде осы қорғау тетігінен тыс қалған жағдайлар кездесті. Енді бұл заң жобасы арқылы осы мәселені шешеміз, — деді Асхат Аймағамбетов.

Депутат жаңа норма балабақша, кәсіптіктік білім беру саласындағы барлық педагогке ортақ қолданылатынын айтты.

Бұған дейін педагогтерді әлеуметтік жағынан қолдаудың қандай тетіктері бар екенін жазған едік.