«Балабақша қызметкері ақпан айынан бастап əдіскер жəне төменгі топта тәрбиеші болып жұмыс істеді. Қыркүйектің 19-да дауысы қарлығып, өңеші ауырғанын айтқан. Сол күннен бері ол ауруханада жатты. Кейін 24 қыркүйек күні жұмысқа шықты. Сол күні жөтеліп, кеудесі қысты. Тəрбиешінің жағдайын көрген балабақша меңгерушісі мен медициналық қызметкері оны жұмысқа жібермеді» делінген хабарламада.
Ведомствоның мəліметінше, тəрбиеші жұмыстан босатылып, аудандық ауруханаға емделуге жіберілді. Онда дəрігерлер рентгенография жасап, қос өкпесінің инфильтративті туберкулезге шалдыққанын анықтады.
«Науқас соңғы рет 15 маусымда флюорографиялық зерттеуден өткен. Ол кезде денсаулығында кінəрəт болған жоқ. Аудандық қоғамдық денсаулықты қорғау басқармасы жедел түрде зерттеу жүргізіп, науқаспен байланыста болған адамдарды анықтады жəне қайтадан флюорографиялық зерттеуден өткізді. Олардың арасында аталмыш дертке шалдыққандар болған жоқ» -, деп түсіндірді ведомстводан.
Оған қоса, науқастың үйі мен балабақшада дезинфекция жүргізілді. Бұл оқиға туралы жергілікті атқарушы орган мен прокуратура ақпараттандырылды.
Дəрігерлер туберкулинодиагностика жəне диаскинтеста экспресс-əдісін қолдану арқылы балабақшадағы балаларды зерттеді. Оның нәтижесі 2 күннен кейін белгілі болады. Бүлдіршіндердің ешқайсысында аталмыш дерттің белгілері байқалмады. Эпидемияға қарсы кешенді шаралар жалғасуда. Байланысты болған адамдар бақылауға алынды.