Балабақшада 3 жасар баланың жарақат алуына байланысты тергеу басталды
Оқиға бүгін, 26 маусымда Атырау қаласының іргесіндегі Водниов ауылындағы балабақшада болған. Үш жасар Әсияның әкесі Ержан Тәженовтің айтуынша, қызын облыстық балалар ауруханасына балабақша қызметкерлері апарған.
«Қызым «Нартайлақ» балабақшасына барады. Бүгін қызымның саусағының тырнағы астыңғы етімен бірге жұлынып қалған. Бірақ, неден болғанын білмей отырмыз. Тәрбиешілер қызымның әткеншекте ойнап жүріп, саусағын жарақаттап алғанын айтады. Бірақ, бұл мүмкін емес», - дейді Ержан Тәженов.
Облыстық Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметінен мәлім еткендей, бүгін сол қолы жарақаттанған 3 жасар қыз бала сағат 11:20 шамасында облыстық балалар ауруханасына жеткізілді.
«Аурухана дәрігерлері балаға «тырнақ пластинасының зақымдануынан сол қолдағы төртінші саусақтың ашық жарақаты» диагнозын қойған. Травматолог-ортопед қол саусақтарын рентгенге түсіріп, хирургиялық емдеу, таңу ем-домын жүргізді», - деп хабарлады ведомстводан.Пполиция департаменті баспасөз қызметінің ақпаратына сүйенсек, оқиға бойынша сотқа дейінгі тергеу басталған.
«Аталған дерекке қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 141-бабына сәйкес (Балалардың өмiрi мен денсаулығының қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету жөнiндегi мiндеттердi тиісінше орындамау) сотқа дейінгі тергеу басталды. Сот-медициналық сараптама тағайындалды», - деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметінен.
Еске салайық, бұған дейін Атырауда 12 жасар бала ойын-сауық орталығында биіктен құлап жарақаттанғанын жазған едік.