Балабақшаларда педагог-ассистент лауазымы пайда болады

АСТАНА. ҚазАқпарат – Алдағы уақытта еліміздегі балабақшаларда ерекше балаларды тәрбиелейтін жаңа маман пайда болады. Қазір оны енгізу жағы қарастырылып жатыр. Бұл туралы орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жергілікті атқарушы органдардың құзыретіне қатысты ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалардың тәрбие-білім алуына жағдай жасау керектігі жөніндегі норма бар. Сондай-ақ, білім беру ұйымы басшыларына қатысты жауапкершілік күшейтілді. Олар ерекше балаларды талапқа сай жағдаймен қамтамасыз етуі тиіс. Бүгінде мектептерге педагог-ассистент лауазымы енгізілген. Қазіргі уақытта мектептерде 1000-ға жуық педагог-ассистенттер жұмыс істейді. Енді мектепке дейінгі ұйымдарда педагог-ассистент лауазымын енгізу жоспарлануда», - деді Оқу-ағарту министрлігі арнайы және инклюзивті білім беруді дамытудың ұлттық ғылыми-практикалық орталығының директоры Әйгерім Күдеринова.

Еске салайық, даму ерекшеліктері бар оқушыларға мектепке бейімделуге көмектесетін мамандарды тарту былтыр қолға алынған еді.

Министрліктен хабарлағандай, өткен жылы оқу жылынан бастап Қазақстан мектептерінде 1 500-ге жуық педагог-ассистент жұмысқа кірісті.