Балабақшалардағы өзге ұлт балдырғандары мемлекеттік тілді білуден сайысты

None
ОРАЛ. 29 наурыз. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облыстық Қазақ драма театрында «Қуыр, қуыр, қуырмаш» дәстүрлі байқауы мәреге жетті.

Оған Орал қаласы мен Теректі, Зеленов аудандарындағы балабақшалардан 16 бүлдіршін қатысты. Өзге ұлт өкілі болса да, мемлекеттік тілде тақпақ оқып, өнерлерін көрсеткен үміткерлердің талпынысы сүйсінтті. Мұнда «Ақбота» балабақшасының тәрбиеленушісі Роман Постнов жеңімпаз атанды.

Сондай-ақ Батыс Қазақстан облыстық тілдерді дамыту басқармасының ұйымдастыруымен Ғ.Құрманғалиев атындағы облыстық филармония залында өзге ұлт өкілдері арасында дәстүрлі Абай оқулары өтті.

Оған барлығы 21 үміткер қатысып, қорытындысында Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің студенті Анастасия Сафина жеңімпаз атанды. Ол енді республикалық сында облыс намысын қорғайтын болады. Өткен жылы дәл осындай республикалық байқауда М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің студенті Ольга Рапацкая топ жарған болатын.