Балабақшаларға деген зәрулік елде әлі де байқалады - Қаржы министрі

АСТАНА. Мамырдың 17-сі. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - 2009 жылдың бюджетін орындау барысында елде бала-бақшалардың жетіспеушілігі мәселесіне баса назар аударылды.

Мектепке дейінгі тәрбиемен қамтамасыз етілген балалар саны артып, бұл көрсеткіш мектепке дейінгі жастағы балалардың 38,7 пайызын құрады. Ал 2008 жылы бұл көрсеткіш 35,6 пайызды құраған болатын. Бұл мәліметтерді бүгін Парламент депутаттарын 2009 жылғы бюджеттің атқарылуымен таныстырған Қаржы министрі Болат Жәмішев келтірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Ол келтірген деректерге қарағанда, биылғы жылдың қаңтар айындағы мәліметтер бойынша, республикада 4 мың 972 мектепке дейінгі мекеме бар. «Бүгінде елде бұрын балабақша болып, бірақ кейіннен өзге мекемелерге берілген немесе басқа мақсаттарға пайдаланылып келген ғимараттардың барлығын балабақша ретінде қайтару бағытында кешенді жұмыстар атқарылуда. Сонымен қатар жеке иеліктегі балабақшалар санын арттыру мен шағын орталықтар құру бағытында да біршама жұмыстар жүргізілуде. Соған қарамастан елде балабақшаларға деген зәрулік әлі де болса байқалады. Бұдан елде бала туу көрсеткіштерінің едәуір ұлғаюын көруге болады», деді министр.