Біздің елімізде де айтулы күндері дүниеге келген сәбилердің есімдері сол шарамен байланысты қойылып жүргені жасырын емес. Мысал үшін айтар болсақ, республикамызда тұңғыш рет 2011 жылы өткен Азиада ойындарында Азиада есімін 40 сәби алған болатын. Ал Лондон олимпиадасы кезінде Илья есімді ұлдар мен Зульфия есімді қыздар дүниеге келген.
Сондай-ақ Саммит есімді 22 ер бала, Саммита атты үш қыз, 15 Саммитхан бар екен. Тіпті Қызылорда облысына қарасты Махамбет ауылында Усама Бенладен есімді бала өмір сүруде. Бенладеннің әкесіне бір кездері «Әл-Каида» қозғалысының жетекшісі ұнаған көрінеді.
Статистика агенттігінің мәліметі бойынша, өткен жылы елімізде Ерасыл мен Айзере есімдері өте танымал болған. Яғни, былтырғы жылы дүние есігін ашқан 2500-ден астам сәбидің азан шақыртылып қойған есімі Ерасыл болса, 4300-ге жуық қыз балаға ата-анасы Айзере есімін таңдаған екен.
Сондай-ақ агенттіктің айтуынша, Қазақстанда сәби есімдерін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың есімімен байланыстырып қою жиі кездеседі. Олардың арасында НұрӘбиНаз, Елбасы есімдері де бар.
Негізі тек қазақта ғана емес, әлем халықтары арасынан да неше түрлі адам таңғаларлық есімдерді кездестіруге болады. Мәселен, әлемдегі ең ұзын есім Үндістан азаматында екен. Оның аты 1478 әріптен тұрады. Есімін толық айтып шығу үшін 10 минут уақытты қажет ететін көрінеді. Сондай-ақ, Испанияда өтетін қызықты есім иелерінің съезіне қатысушылар арасында «Екі келі күріш», «Мен картопты жақсы көремін» есімді адамдар да кездескен. Олар Үндістанның Кандмахал ауданының тұрғындары екен. Ал АҚШ-тың Чикаго қаласында ерлі-зайыпты дәрігерлер бес қызына Менингит, Ларингит, Аппендицит, Перитонит, Тонзилит деп ат қойыпты.
Ертеректе аталарымыз баласына ат қоюда әуре болмай-ақ дүйсенбi күнi туса - Дүйсенбай, жұма күнi туса - Жұмабек, ауылына, үйiне хан келсе - Хангелдi деп, тұңғыш баласына Тұңғышбай, кенже қызына Кенжегүл есімдерін берген. Болмаса әкесiнiң қанша жасқа келгендiгiне орай баласына Қырықбай, Елубай, Алпысбай, Жетпiсбай, Сексенбай, Тоқсанбай деп ат қоя беретiн болған. Немесе Кеңес заманында Мэлс, Съез, Социал, Совхозбек деген аттар жиі кездескен. Қазiр, Құдайға шүкiр, ол әдеттен арылдық. Бүлдіршіндерімізде мағыналы, әдемі есімдер де жетерлік.
Алаш арыстарының құрметіне орай қойылған Әлихан, Ахмет, Ілияс, Нығмет, Әліби есімді сәбилер де бар.
Жігіттер квартетінің әншісі Бағлан Әбдірайымов тұңғышының есімін топ репертуарындағы Айқаракөз әнімен байланыстырып қойған көрінеді. Ондағы мақсаты ұмытыла бастаған халық әндерін дәріптей отырып, қызына елде жоқ ерекше есім беру екен.
Ал астаналық тұрғын Дәурен Телбаев кенже қызына Бегім-Сұлу есімін таңдаған.
«Аққуға айналған Бегім ана туралы аңыз маған бұрыннан ұнайтын. Сыр жерінде Бегім ана мұнарасы бар. Бұл аңызбен таныс адамдар Бегім сұлуды кіршіксіз тазалықтың белгісі санайды. Ұрпақтан-ұрпаққа тарап, ұлағат болып келе жатқан ерекше оқиға ұмытылмасын, халық жадынан өшпесін деген ниетпен мен қызыма осы есімді таңдадым», - дейді үш баланың әкесі Д. Телбаев.
Біздің дана халқымызда: «Балаға қандай ат қойылса, оның болашақ тағдыры соған байланысты болады», - деген наным-сенім де бар. Соған орай ата-бабаларымыз балаларына қол бастаған батырлардың, сөз бастаған шешендердің есімдерін берген.
Еліміздің ертеңі болып табылатын бүлдіршіндеріміз қандай есімді иеленсе де, жерін сүйер азамат болып өссін деп тілейік.
Оспанова Гүлден