Балаға мамандық таңдауға қалай көмектесу керек - маман кеңесі

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы қаласының өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында белгілі коуч, кәсіби бағдарлаушы Альмира Тұрсын адамның қабілетіне сәйкес келетін мамандықты қалай табуға болатынын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Альмира Тұрсын баланы қай жастан бастап кәсіби тұрғыда мамандыққа бейімдеу керектігін және мамандыққа қатысты таңдау жасау мәселесі қашан туындайтынын айтты.

«Кәсіптік бағдар беру ата-анадан басталады және ол бала өмірге келген кезден бастап, оның дамуына, мінез-құлқына, қабілеттеріне назар аударып, бақылау арқылы қалыптасады. Кәсіби тұрғыда бағдар бермес бұрын осы нәрселерге мән беру керек. Ал 4, 10-сыныптарда кәсіптік бағдар беруге жүгінуге болады. Егер ол жүйелі әрі белгілі бір кезең сайын жүргізіліп тұрса, баланың даму динамикасын байқауға болады», – дейді спикер.

Сонымен қатар, ол ата-ананың мамандық таңдауда балаға ықпалы қандай болуы керектігін және отбасындағы бір мамандықты жалғастыру династиясына қатысты ойын айтты.

«Мұндай отбасыларда мамандық таңдау деген сұрақ туындамайды, себебі ол басынан отбасында таңдалып қойған. Мысалы, дәрігерлер мен полицейлер отбасында балалар ата-анасының мамандығын таңдап жатады. Кейде кейбір мамандыққа адамның бейімі шынымен генетикалық жолмен беріледі, бұл ғылыми дәлелденбеген, бірақ сондай жайттар бар. Оған қоса, аға буынның жинаған тәжірибесі мен білімі бар, ол баланың кәсіби дамуын жеделдетеді және жетілдіре түседі. Бұл жерде баланың өз қалауын бірінші орынға қою маңызды», - дейді А.Тұрсын.

Сондай-ақ, ол бала бойындағы қабілетті қалай анықтауға болатынын түсіндірді.

«Біріншіден, тест жүргіземін, бұл жеке қабілеттерді анықтауға көмектеседі. Тестілеу бағдарламасының өзі ұсынылатын мамандықтардың тізімдерін ұсынады, кеңес беру кезінде біз нәтижелерді талдап, мамандықтарды талқылаймыз. Кейде мектеп оқушылары мамандық жайлы толық білмегендіктен, оны таңдай алмайды. Немесе белгілі бір мамандықтар туралы ештеңе білмейді», - деп түсіндірді маман.

Альмира Тұрсын бала есейе келе оның мамандық таңдауда ойы өзгере берсе, оған таңданудың қажеті жоқ екенін тілге тиек етті.

«Дұрысы, кәсіби бағдар беру мектепте, әсіресе оқуға түскенге дейін жүргізілуі керек. Сонымен бірге, ересек өмірде де оның тиімділігі жоғары. Университет қабырғасындағы 1-2 курс кезінде, студенттер өз бейінін таңдаған уақытта да кәсіби бағдар беру аса маңызды. Бұны мансаптың кеңес беру десе болады, ол кәсіби бағдар берудің бір түрі»,- деп жалғастырды коуч.

Жасөспірімдердің өзі таңдаған мамандыққа немқұрайлы қарауы жиі кездеседі, маман мұндай жағдайда не істеу керектігіне жауап берді.

«Қазір балалардың қызығушылықтары мен хоббилерін, өмірге деген құлшыныстарын басуға әсер ететін көптеген элемент бар. Олар сол баяғы гаджеттер, компьютерлік ойындар. Бұл жағдай жаман деген сөз емес, дегенмен бұл жағдайда бір шара қажет. Мысалы, компьютерлік ойындарды шамадан тыс ойнайтын, режимі, тәртібі жоқ балалар, өкінішке орай, осыған бейім. Мұндай жағдайларда ата-аналардың балаларын, олардың қызығушылықтарын, компьютерде қанша уақыт отыратынын, қайда уақыт өткізетінін бақылауы керек «, - деп кеңес береді маман.

Альмира Тұрсын мамандық таңдауда үйірмелердің көмегі қаншалықты деген сұраққа жауап берді.

«Жаттықтырушылар мотивация беріп, оған қажет ресурсты табуға көмектеседі. Егер бала қандай да бір үйірмеге 2-3 ай барып, оны тастап кеткен болса да, оның бәрібір пайдасы тиеді. Себебі сол аралықтағы уақытты ол өзін жеке дамытуға арнады», - деді коуч.