14:16, 14 Сәуір 2009
«Балақайлар үшін қазақ тілі» атты балабақша жасындағы балаларға арналған әдістемеге байқау жарияланды
АСТАНА. Сәуірдің 14-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ -Мемлекеттік тілді дамыту президенттік қоры мектепке дейінгі мекемелер арасында қазақ тілін тиімді оқытатын үздік әдістемеге байқау жариялады.
Республикалық деңгейде өтетін байқау «Балақайлар үшін қазақ тілі» деп аталады. Аталған шара мемлекеттік тілдің балабақшадан бастап қанат жаюуына және педагогтарды осы іске жұмылдыру мақсатында ұйымдастырылып отыр. Бұл туралы ҚазАқпарат Мемлекеттік тілді дамыту президенттік қорының баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
«Қазақстанда тұратын кез-келген ұлттың өкілі балабақшадан бастап қазақ тілін үйренуі тиіс. Бұл шараны дәстүрге айналдыру Қазақстанның болашағын кемелдендіру болып табылады әрі мемлекеттік тіл саясатының оң шешім табуының бірден-бір жолы осы болмақ», - дейді Президенттік қор директоры Берік Әбдіғалиев.
Балақайлардың болашағы үшін жарияланып отырған байқауға мектепке дейінгі мекемелерде еңбек етіп жүрген білікті педагогтар, қазақ тілі пәні мұғалімдері, лингвист-ғалымдар мен жалпы қоғамдық ұйымдар қатыса алады. Байқауға қатысуға ниеттенген жекелеген тұлғалар мен ұжымдар өз жұмыстарын сәуірдің 15-інен қыркүйектің 1-іне дейін жіберуіне болады.
Үздік әдістемелер Мемлекеттік тілді дамыту қорының ақшалай сыйлығына ие болады. Мәселен, бірінші орын ? 300 мың, екінші орын ? 200 мың, ал үшінші орын үшін 100 мың теңге беріледі. Қор бұдан бұрын да мемлекеттік тілдің аясын кеңейту мақсатында бірнеше байқау жариялағаны мәлім. Осындай қор тарапынан ұйымдастырылып отырған байқаулар туралы толығырақ ақпаратты www.qazaq-found.kz сайты арқылы алуға болады.