Балалар әдебиетін жандандыру үшін саланы салықтан босату қажет - А. Смайыл

АСТАНА. 14 наурыз. ҚазАқпарат -  Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында депутат  Алдан Смайыл Үкімет басшысының атына сауал жолдады.

Онда депутат балалар әдебиетін шығаруда орын алып отырған проблемаларды көтеріп, саланы салықтан босатуды сұрады.

«Атақты халиф Харун Рашид жаулап алған жерлерінде салықты кітап түрінде жинаған. Тарихшы ғұлама Леонардо Бруни 1406 жылы «История» еңбегінің алғашқы кітабын жариялағанда грек-рим билігі осы үшін  салықтан босатқан. ХХІ ғасырдағы тәуелсіз Қазақстан да осындай ғибратты қадамға барсақ, халық «бәрекелді» дер еді», - дейді депутат Алдан Смайыл.

Осы негіздерді алға тарта келе,  депутат  балаларға арналған әдебиетті басып шығаруға арналған қызметтің барлық түрлерін салықтан босату туралы мәселе көтерді. Депутаттың дерегіне сүйенсек, 2011 жылы республика бойынша мемлекеттік тапсырыспен балалар кітаптары 287 аталыммен шыққан. Бұл былтыр шыққан барлық кітаптың баспа табақпен есептегендегі 7 пайызын ғана құрайды. Ендеше балалар баспасының таралымы жас жеткіншектердің жартысының жартысына да жуымайды.

 «Бұл проблемалар ойландыруы тиіс. Балалар кітаптарын шығару қызметіне салық салмау немесе оны 5 пайызға дейін азайту туралы шешім қабылданса игі.  Сол арқылы балалар әдебиетінің тақырыбын кеңейтеміз, қаламгерді ынталандырамыз, жеткіншектер кітаптарының таралымын арттырамыз. Дәл осындай жеңілдік тоқыраудан тұралап тұрған мультфильмдер түсіру қызметіне де жасалса игі», - дейді Алдан Смайыл.

Еске салсақ, Еуропаның дамыған жұртында, оның ішінде Ресей, Латвия, Бельгияда кітаптарға салынатын қосымша құн салығы 5 пайыздан аспайды. Ал Ұлыбритания, Ирландия, Норвегия, Польша, Украина елдерінде  кітапқа салық мүлдем салынбайды. «Қазақстанда да сондай қадам үшін еш кедергі жоқ. Балаларға арналған ілтипат қана керек», - дейді Алдан Смайыл.