Балалар әдебиетін жаңғырту, отбасылық тәрбие институтын құру – Ұлттық комиссия қаулысы

АСТАНА. ҚазАқпарат – Адам құқығы пәні мен балалар әдебиетін жаңғырту, өңірлерде «Отбасылық тәрбие институтын» құру. Президент жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия балаларға қатысты осы және басқа да жаңа ұсыныстар енген қаулыға қол қойды, деп хабарлайды ҚазАқпарат ұйымның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Фото: Ұлттық комиссия баспасөз қызметі

Ұлттық комиссия өз бастамаларын жаңа құжат – қаулымен ресімдеді, оған отырыс соңында қол қойылды.

Осылайша, Ұлттық комиссия мүшелері Мемлекет басшысының Түркістанда өткен «Әділетті Қазақстан – адал азамат» Ұлттық құрылтай отырысында айтылған ұсыныстарын қолдады.

Ұлттық комиссия Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындауды қамтамасыз ету үшін қоғамдық ұйымдардың, ғылыми орталықтардың және мемлекеттік органдардың күш-жігерін біріктіруге шақырды.

Қол қойылған қаулыда қазір Ұлттық комиссиямен бірлесіп жұмыс істеп жатқан жауапты мемлекеттік органдар мен ҮЕҰ-ға ұсыныстар берілді.

Оның ішінде ата-аналардың өскелең ұрпақты тәрбиелеудегі жауапкершілігі жүйесін қалыптастыруға бағытталған әлеуметтік маңызы бар жобаларды жүзеге асыруды қамтамасыз ету, облыстық филиалдар жанынан «Отбасылық тәрбие институты» ұйымын құру сияқты ұсыныстарды атап өтуге болады.


Мектеп бағдарламасына адам құқықтары бойынша сабақтарды енгізу, қатыгездік пен зорлық-зомбылықты насихаттайтын ресурстарды бейтараптандыруды қамтамасыз ету, Ұлттық комиссияның жанынан қазақстандық ғылыми ұйымдардың консорциумын немесе ерікті бірлестігін, жұмыспен қамту стратегияларын құру, отбасының қажеттіліктерін ескере отырып, балалар арасында еңбек құндылықтарын қалыптастыру мақсатында 14 жастан асқан мектеп оқушылары мен студенттерді жұмыспен қамтуға белсенді көмек көрсету шараларына міндетті квота бөлу, кітап шығару саясатының тұжырымдамасын әзірлеу, кітап шығаруға бөлінген жалпы соманың 25%-ын балалар әдебиетін шығаруға бөлу, мемлекеттік сыйлықты тағайындау кезінде балаларға арналған шығармаларды жеке блок ретінде қарастыру сынды ұсыныстарды қолдады.

ҚР Президенті Әкімшілігі басшысының орынбасары, ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның төрайымы Аида Балаеваның айтуынша, Ұлттық комиссияның тұғырнамасы Түркістанда өткен Құрылтайда Мемлекет басшысы айтқан түйткілді мәселелерді шешудің нақты шараларын анықтау үшін мазмұнды диалог жүргізуге дайын.

«Президент «Адал азамат» туралы айта келіп, ұлттың жаңа сапасын қалыптастыруға, зерделі, озық, адал қазақстандықтарды тәрбиелеуге бағытталған бірқатар ойын жеткізді. Бұл – мемлекеттік сектор үшін идеологиялық жұмыстың негізгі бағыттары бойынша нақты іс-қимыл бағдарламасының бір түрі», - деді ол.


Ұлттық комиссия төрағасының орынбасары Лаззат Рамазанова балалар мен ересектер арасында экологиялық саналы мінез-құлықты тәрбиелеудің маңыздылығын, сондай-ақ ұлттық құндылықтар мен отандық брендті ілгерілетудегі әйелдердің рөлін атап өтті. Сондай-ақ, ел Президенті өз сөзінде балалар мен жасөспірімдер ұйымдарының қызметіне серпін беру міндетін қойғанын жеткізді.

Ұлттық комиссия төрағасының орынбасары Елена Тарасенко жастар туризмі өмірлік тәжірибені жаңа ұрпаққа берудің, патриотизмді қалыптастырудың маңызды жолы болып табылатынын, алайда бүгінгі күні жүйелі тәсілдің жоқтығын және бұл маңызды құралдың бағаланбағанын мәлімдеді.

«Бюджеттік қаражатты оңтайландыру және үнемдеу қосымша білім беру саласына қатысты. Бүгінгі таңда республикада 40 жас турист-өлкетанушылар станциялары мен орталықтары жұмыс істейді, оларда 30,5 мыңнан астам мектеп оқушысы білім алады. Алайда, соңғы үш жылда орталықтардың материалдық-техникалық жабдықталуы өзгеріссіз қалды. 40 станцияның 17-сі типтік ғимараттарда, 23-і бейімделген ғимараттарда орналасқан. 8 ғимарат күрделі жөндеуді қажет етеді, 2 ғимарат апатты жағдайда, 6 ғимарат ағымдағы жөндеуді қажет етеді», - деді ол.


Е. Тарасенко орталықтар мен станциялардың жай-күйі, олардың тиімділігі мәселесін зерттеп, дамытудың тұжырымдамалық тәсілдерін әзірлеу қажет деп санайды.

Ұлттық комиссияның мүшесі, сондай-ақ Қазақстан халқы Ассамблеясы Аналар кеңесінің төрағасы Нәзипа Шанай басты тезистердің біріне айналған өскелең ұрпақ тәрбиесіндегі ата-ананың рөліне тоқталды. Баяндамашы Ұлттық комиссияның аймақтық филиалдары жанынан «Отбасылық тәрбие институтын» құрудың маңыздылығын айтып, «Адам құқықтары» пәнін мектептерге неліктен енгізу ұсынылатынын түсіндірді.

«Болашақ ұрпағымыз саналы қоғамда өмір сүруі үшін, қорлауды тоқтату және отбасылық зорлық-зомбылықтың алдын алу үшін мектеп жүйесіне осы пәнді енгізуді ұсынамыз. Ұрпағымыз жастайынан өз құқығын қорғап, өзгенің құқығын бұзбай, қорғай білсе ғана ұрпағымыз бақытты болады деп ойлаймыз», - деді ол .


Сондай-ақ, Н. Шанай балалар әдебиетін басып шығару жүйесін жолға қою, сонымен қатар елімізде балаларға арналған контентті бейімдейтін анимация орталығын құру да маңызды деп санайды.

Ұлттық комиссияның қаулыда айтылған барлық ұсыныстары мемлекеттік органдардың жұмысына енгізіліп, азаматтық сектормен бірлесіп жүзеге асырылады.