Оны байқаудың ұйымдастырушылары хабарлап отыр.
«Балалар әдебиетіне арналған халықаралық «Дарабоз» байқауы Алматыда 2006 жылдан бері өтеді. Оны «ZHERSU" корпорациясы мен Қазақстан Жазушылар одағы бірігіп ұйымдастырып келеді. «Дарабаз» жабық әдеби байқауының басты мақсаты - жас өскіннің назарын өздеріне арналған кітаптарға аудару. Балалар жазушыларына қолдау көрсету арқылы жас ұрпақтың туған еліне деген сүйіспеншілігін қалыптастырып, ұлтжанды, білімді өскелең ұрпақ тәрбиелеу», дейді жазушы, «Алаш» сыйлығының иегері, «Балапан әлемі» журналының редакторы Шәкен Күмісбайұлы. Оның айтуынша, байқау жеңімпаздарының шығармалары жыл сайын «Кәусар бұлақ» топтамасы бойынша «Баян жүрек» баспасынан кітап болып басылып шығады. Жақында оның үшінші кітабы жарық көрмек. Ол шыққан соң қалыптасқан дәстүр бойынша республикамыздағы барлық кітапханаларға, мектептерге тегін үлестіріледі деп жоспарланып отыр.