Министрліктің мәліметінше, 2021–2025 жылдар аралығында елімізде қант диабетімен жалпы сырқаттанушылық 21,4 пайызға өсіп, 100 мың тұрғынға шаққанда 273,1 жағдайдан 331,6 жағдайға дейін жеткен.
Балалар арасындағы көрсеткіш те жоғарылаған. 0–14 жас аралығында қант диабеті алғаш анықталғандар саны 100 мың балаға шаққанда 2021 жылғы 15,0 көрсеткіштен 2025 жылы 22,9-ға дейін өскен.
15–17 жас аралығындағы жасөспірімдер арасында 2025 жылдың қорытындысы бойынша алғашқы сырқаттанушылық көрсеткіші 100 мың тұрғынға шаққанда 37,1 болды. Бұл 2024 жылғы көрсеткіштен (39,0) төмен болғанымен, 2021 жылғы деңгейден (24,8) жоғары.
Министрлік мәліметінше, бұл үрдіс артық салмақ пен семіздік, дұрыс тамақтанбау, қимыл-қозғалыстың аздығы және басқа да қауіп факторларымен байланысты. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегіне сәйкес, артық салмақ пен семіздік 2 типті қант диабеті, жоғары қан қысымы, жүрек-қан тамырлары аурулары, май алмасуының бұзылуы, қатерлі ісіктің кейбір түрлері және тірек-қимыл жүйесі ауруларының даму қаупін арттырады.
— Бұл аурулардың дамуына артық салмақ пен семіздікпен қатар дұрыс тамақтанбау, қимыл-қозғалыстың жеткіліксіздігі, тұқым қуалаушылық және басқа да қауіп факторлары әсер етеді, — делінген министрлік жауабында.
Еске салайық, бұған дейін Денсаулық сақтау министрлігі қазақстандықтарға семіздік пен созылмалы аурулардың алдын алу үшін қант тұтынуды шектеуге кеңес берген еді.