Балалар еңбегін пайдалануға шектеу қойдық - Серік Әбденов

АСТАНА. 11 ақпан. ҚазАқпарат - Балалар еңбегін пайдалануға шектеу қойылды. Бұл туралы бүгін Астанада ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Әбденов мәлім етті.

«Балалар еңбегі мәселесі жөнінде біз Халықаралық еңбек ұйымымен 10 жылдан астам уақыт жұмыс істеп жатырмыз. Шүкір деп айтуға болады, біздің жалпы нарықта бала еңбегі айтарлықтай пайдаланылып жүрген жоқ. Әрине, кей жағдайлар кездесіп жатады. Мәселен, сауда орындарында ата-анасының жанында балалар еріп жүретін оқиғалар болады. Бірақ, тексеріс өткізген кезде ата-аналары «бала үйде жалғыз отыра алмайды, сондықтан жанымда жүр» деген жауап қайтарып жатады. Ал бұрынырақ жанар-жағармай құю стансаларында және басқа да жерлерде бала еңбегі көп пайдаланылатын. Бірақ та еңбек инспекциясы тарапынан жүргізілген тиісті жұмыстың арқасында еңбектің осындай түріне шектеу қойдық»-деп түйді министр.