Балалар мен жасөспірімдердің республикалық «Ұлан» газетіне 80 жыл толды

АЛМАТЫ. Наурыздың 17-сі. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - «Ұлан» - өскелең ұрпақтың адал досы, рухани ұстазы. Бұл республикалық балалар мен жасөспірімдер газетінің 80 жылдығына жолдаған Мәдениет министрі Мұхтар Құл-Мұхаммедтің құттықтау хатында айтылды,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Осынау ғасырға жуық уақыт бедерінде бірнеше ұрпақ өкілдері «Ұланда» жарияланған дүниелерден сусындап, рухани нәр алды. Қаншама дарынды ұлан газеттің жас тілшісі атанып, қаламдарын ұштады. Ұлтымыздың барлық ұлағатты ұл-қыздары, мәдениет пен өнер қайраткерлерінің, саясаткерлер мен ғалымдардың осы газет арқылы дүние танып, қанаттанғаны анық», дейді Мәдениет министрі Мұхтар Абрарұлы. Білім және ғылым министрі Жансейіт Түймебаев та бұл мейрам - еліміздің мыңдаған шәкірттерінің, ұстаздар қауымының ортақ қуанышы деген жүрекжарды тілегін жолдап отыр.

Қазақстан Журналистер одағы басқармасының төрағасы Сейітқазы Матаев сонау 1930 жылы негізі қаланған басылымда Саттар Ерубаев, Баубек Бұлқышев, Мәлік Ғабдуллин, Кемел Тоқаев, Фариза Оңғарсынова сынды біртуар тұлғалар еңбек еткенін айтады. Газет шығаруға Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров, Бейімбет Майлин, Мұхтар Әуезов, Сапарғали Бегалин, Бердібек Соқпақбаев сынды әдебиет арыстары атсалысқан. «Ұлан» газетін қаламгерлер қауымы қанаттанатын алтын ұяға балауға болады.

1930 жылы Ахмет Нұралиннің редакторлығымен дүние есігін ашқан «Ұланның» қазіргі жетекшісі Есей Жеңісұлы: «менің 16 700 балам бар. Қазақстанда менен көп балалы әке жоқ. «Ұланның» 80 жылдық тойы - барша халықтың тойы», дейді өз оқырманына.