Балалар намысты қолдан бермеді – жаттықтырушы хоккейдегі тарихи жеңіс туралы
АСТАНА. KAZINFORM — Канаданың Квебек қаласында өткен Quebec International Pee-Wee Hockey Tournament турнирінің 66 жылдық тарихында алғаш рет қазақстандық Astana Team бас жүлдені иеленді.
Топ жарған жас спортшылар елге абыроймен оралды. Жеңімпаздарды елорда әуежайында туған-туыстары, достары мен жанкүйерлері қошеметпен қарсы алды.
Биыл 66-шы рет ұйымдастырылған халықаралық балалар мен жасөспірімдер турниріне әлемнің 16 елінен 120 команда қатысты. Дүбірлі додада жас таланттар мұз айдынында өзара мықтыны анықтады. Финалда «Astana Team» канадалық қарсыластарын буллит сериясында жеңіп, чемпион атанды. Осылайша, хоккейдің отаны Канада төрінде көк туымыз көкке көтерілді.
Тарихи жеңіске жеткен команда құрамы еліміздің әр аймағындағы үздік ойыншылардан жасақталған. Жаттықтырушының айтуынша, ұжым толық құрамда бір рет бас қосып, дайындық турнирін өткізгеннен кейін бірден чемпионатқа аттанған.
— Ойындар өте тартысты әрі қиын өтті. Кейбір ойыншылар дисквалификацияға байланысты қатыса алмағандықтан, екі бестік құраммен және үш-төрт қорғаушымен ойнауға тура келді. Соған қарамастан, балалар намысты қолдан бермей, барлық тапсырманы абыроймен орындады. Қуанышымызда шек жоқ. Жігіттермен бірге кішкентай баладай қуанып, құшақтасып жаттық. 10–12 мың көрерменнің алдында өзімізді дәлелдей алдық, — деді команда жаттықтырушысы Владимир Матюхин.
Салтанатты қарсы алу рәсімінде жас хоккейшілер де қолдау білдірген барша отандастарына алғыс айтты.
— Бұл ұмытылмас сәт. Біз хоккейдің отанында жеңіске жетіп, Қазақстанды әлемге таныттық. Қолдауларыңызға рақмет. Мемлекет басшысы құттықтаған кезде бәріміз қатты таңғалдық. Алғашында сенбедік, қалжың шығар деп ойладық. Кейін Instagram әлеуметтік желісінен көргенде ерекше қуанып, мақтаныш сезімі бойымызды кернеді, — деді хоккейші Әділ Садуақасов.
Айта кетелік Президент Astana Team жас хоккейшілерін жеңісімен құттықтаған еді.
Еске сала кетейік, жақында Хоккейден Қазақстан қыздар құрамасы бүгін әлем чемпионатында Оңтүстік Кореямен ойнайды.