Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының 2025 жылы жаңартылған мәліметіне сәйкес, 2022 жылы әлемде 5–19 жас аралығындағы 390 миллионнан астам бала мен жасөспірімнің артық салмағы болған. Оның ішінде 160 миллионы семіздікке шалдыққан. Бұл үрдіс Қазақстанды да айналып өткен жоқ. Балалардың салмағы неге артып барады және оның алдын алуға бола ма? Kazinform тілшісі мәселені саралап көрді.
Балалар семіздігі: ресми статистика не дейді?
Қазақстандағы ресми статистика да бұл мәселенің барған сайын өзекті бола түскенін аңғартады. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, бұл дерт көбіне мектеп жасындағы балалар мен жасөспірімдер арасында анықталады. Мамандар оған дұрыс тамақтанбаумен қатар, қимыл-қозғалыстың азаюы, экран алдында ұзақ отыру және оқу жүктемесінің артуы әсер ететінін айтады.
2025 жылғы дерекке сәйкес, 0–14 жас аралығындағы балалар арасында алғаш рет семіздік диагнозы қойылғандар саны 100 мың балаға шаққанда 36,9 болған. Ал 15–17 жастағы жасөспірімдер арасында бұл көрсеткіш 82,1-ге жеткен.
Семіздік ең көп тіркелген өңірлер қатарында Шығыс Қазақстан, Маңғыстау, Қостанай, Атырау, Қарағанды және Абай облыстары, сондай-ақ Алматы мен Шымкент қалалары бар.
Неліктен балалар семіріп барады?
№1 Көпбейінді қалалық балалар ауруханасының педиатры, гастроэнтеролог Ақнұр Туреханованың айтуынша, бүгінде балалар семіздігіне ең алдымен дұрыс тамақтанбау мен физикалық белсенділіктің жеткіліксіздігі әсер етіп отыр.
– Балалардың күнделікті ас мәзірінде калориясы жоғары, қант пен қаныққан майға бай тағамдар, тәтті сусындар мен фастфуд жиі кездеседі. Сонымен қатар экран алдында ұзақ уақыт өткізу олардың қозғалысын азайтып қана қоймай, ретсіз тамақтануына да ықпал етеді. Сондықтан цифрлық жүктеменің артуы семіздіктің дамуына әсер ететін маңызды факторлардың бірі, – дейді дәрігер.
Бұл пікірді диетолог Арай Әміре де қолдайды. Оның айтуынша, бұрын анда-санда ғана желінетін фастфуд бүгінде көптеген отбасының күнделікті ас мәзіріне еніп кеткен.
– Балалар кинотеатрға, ойын-сауық орталығына немесе серуенге шыққанда көбіне пицца, фри картобы, чипсы мен газдалған сусындарды таңдайды. Мұндай тағамдар май мен тез сіңетін көмірсуларға бай болғандықтан, ұзақ уақыт тоқтық сезімін бермейді. Әсіресе тәтті сусынмен бірге тұтынғанда қандағы қант деңгейі тез көтеріліп, көп ұзамай қайта төмендейді. Соның салдарынан бала қайтадан қарны ашқандай сезінеді, – дейді маман.
Диетологтың айтуынша, мәселе тек артық калорияда емес. Мұндай тағамдарды жиі тұтынған бала бірте-бірте табиғи тағамға қызығушылығын жоғалтады.
– Фастфудқа үйренген бала табиғи тағамның дәмін бұрынғыдай қабылдай бермейді. Буға піскен немесе қайнатылған ас оған дәмсіз көрінуі мүмкін. Соның салдарынан пайдалы тағамнан гөрі тез дайындалатын өнімдерді жиі таңдай бастайды, – дейді Арай Әміре.
Мамандар мұндай өзгерістер көбіне мектеп жасында байқалатынын айтады. Бұл кезеңде баланың күн тәртібі өзгереді: сабақ пен үй тапсырмасына бөлінетін уақыт көбейіп, қозғалыс азаяды. Оның үстіне компьютер мен смартфонды пайдалану ұзақтығы артады.
Ақнұр Туреханованың айтуынша, жасөспірімдік шақтағы гормондық өзгерістер де салмақтың тез қосылуына әсер етуі мүмкін.
– Бұл жаста балалар тағамды өздері таңдай бастайды. Алайда олардың таңдауы көбіне тәттілерге, түрлі тіскебасар мен тез дайындалатын өнімдерге түседі. Ал пайдалы тағамдар күнделікті рационнан біртіндеп ығыса бастайды, – дейді дәрігер.
Тағы бір маңызды фактор – қозғалыс белсенділігінің төмендеуі. Диетологтың айтуынша, ағза жұмсаған энергиядан көп калория қабылдаса, оның арты май қорына жиналады.
– Баланың міндетті түрде кәсіби спортпен айналысуы шарт емес. Таза ауада жүгіруі, велосипед тебуі немесе аулада ойнауының өзі денсаулыққа пайдалы. Ең бастысы – күн сайын белсенді қимылдау әдетін қалыптастыру керек, – дейді Арай Әміре.
Артық салмақ баланың денсаулығына қалай әсер етеді?
Артық салмақты көпшілік сыртқы келбетпен ғана байланыстырады. Алайда дәрігерлер оның қаупі әлдеқайда ауқымды екенін айтады. Бала кезінде қалыптасқан семіздік ағзаның жұмысына әсер етіп, кейін түрлі созылмалы аурудың пайда болуына жол ашуы мүмкін. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, 2021–2025 жылдары Қазақстанда қант диабетімен сырқаттану деңгейі 21,4 пайызға артқан. Мамандар бұл көрсеткіштің өсуіне балалар арасындағы артық салмақтың көбеюі де ықпал етіп отырғанын айтады.
№1 Көпбейінді қалалық балалар ауруханасының педиатры, гастроэнтеролог Ақнұр Туреханованың айтуынша, артық салмақ ең алдымен ағзадағы қант алмасуына әсер етеді.
– Артық салмақ, әсіресе іш аймағына майдың жиналуы инсулинге төзімділіктің дамуына әкеледі. Бұл – 2-типті қант диабетінің негізгі даму механизмі. Бұрын бұл ауру көбіне ересектерде кездесетін. Соңғы жылдары семіздік жиілеген сайын балалар мен жасөспірімдер арасында да анықталып жатыр. Артық салмағы бар балаларда 2-типті қант диабетінің даму қаупі қалыпты салмақтағы құрдастарына қарағанда бірнеше есе жоғары. Сондықтан семіздікті ерте анықтап, уақытылы түзету диабеттің және басқа да зат алмасу бұзылыстарының алдын алудың маңызды жолы, – дейді дәрігер.
Дегенмен семіздіктің зардабы қант диабетімен ғана шектелмейді.
– Семіздік тек сыртқы келбет мәселесі емес, ол көптеген созылмалы аурулардың қауіп факторы. Артық салмақ жүрек-қан тамырлары жүйесіне, эндокриндік жүйеге, бауырға, буындарға және психоэмоциялық жағдайға кері әсер етеді. Соңғы жылдары семіздікпен қатар бауырдың майлануы, артериялық гипертензия, қандағы холестерин деңгейінің жоғарылауы, ұйқыдағы тыныстың тоқтап қалуы, тірек-қимыл аппаратының бұзылыстары және психологиялық мәселелер жиілеп келеді. Сонымен бірге семіздік ересек жаста жүрек-қан тамырлары ауруларының даму қаупін арттырады, – дейді Ақнұр Туреханова.
Дәрігерлердің айтуынша, артық салмақты уақытында түзету тек бүгінгі денсаулық үшін емес, баланың болашақ өмірі үшін де маңызды. Сондықтан семіздікті сыртқы келбетке қатысты мәселе деп емес, дер кезінде назар аударуды қажет ететін медициналық жағдай ретінде қарастырған жөн.
Ата-аналар жиі жіберетін қателік
Баланың тамақтану дағдысы ең алдымен отбасында қалыптасады. Сондықтан мамандар балалар арасындағы семіздікке фастфуд пен тәтті сусындар ғана емес, ата-ананың күнделікті әдеттері де әсер ететінін айтады.
Диетолог Арай Әміренің сөзінше, ата-аналар кейде байқамай жіберетін әрекеттердің өзі баланың тамаққа деген көзқарасын өзгертіп жатады.
– Кейде ата-аналар «мына тапсырманы орындасаң, тәтті алып беремін» немесе «тәртіпті болсаң, фастфуд жейміз» деп баланы тамақпен марапаттайды. Соның салдарынан бала үшін тәтті немесе фастфуд жай ғана ас емес, марапаттың белгісіне айналады. Кейін көңіл күйі түскенде немесе қуанғанда да дәл сондай тағамды іздейтін әдет қалыптасуы мүмкін, – дейді маман.
Диетологтың айтуынша, тағы бір жиі кездесетін қателік – таңғы астан бас тарту. Мұндай жағдайда бала түске дейін қарны ашып, тәтті тоқаш, чипсы немесе басқа да тіскебасарды жиі тұтынуы мүмкін.
Ас мәзірінің теңгерімсіз болуы да баланың денсаулығына әсер етеді.
– Кейбір балалар етті, балықты, жұмыртқаны немесе сүт өнімдерін жеткілікті жемейді. Оның орнына тәтті тоқаш, түрлі шырын мен тіскебасарды көбірек тұтынады. Мұндай ас ағзаны қажетті қоректік заттармен толық қамтамасыз етпейді әрі артық салмақтың жиналуына ықпал етеді, – дейді Арай Әміре.
Диетологтың айтуынша, баланы дұрыс тамақтануға үйретудің ең тиімді жолы – ата-ананың өзі үлгі көрсетуі.
– Бала үлкендердің айтқанынан гөрі істегенін қайталайды. Үйде ата-ана газдалған сусын ішіп, фастфудты жиі тұтынса, баладан мүлде басқа әдет күтудің өзі қиын. Сондықтан дұрыс тамақтану бүкіл отбасының ортақ дағдысына айналуы керек, – дейді ол.
Диетолог баланың сүйікті тағамдарының бәріне бірдей тыйым салу да дұрыс шешім емес екенін айтады.
– Баланы үнемі «болмайды», «жемейсің» деп шектей беру кері әсер етуі мүмкін. Кейін мүмкіндік туған кезде ол сол тағамды шамадан тыс тұтынуы ықтимал. Ең дұрысы – толық тыйым салу емес, мөлшерін сақтау. Егер баланың күнделікті ас мәзірі теңгерімді болса, анда-санда қалаған тағамын жеуі денсаулығына айтарлықтай зиян келтірмейді, – дейді маман.
Оның айтуынша, дұрыс тамақтану уақытша диета емес, өмір салты. Сондықтан баланы белгілі бір тағамнан толық бас тартуға емес, пайдалы асты саналы түрде таңдауға үйреткен әлдеқайда тиімді.
Балалар семіздігінің алдын алу: мемлекет қандай шара қабылдап жатыр?
Балалар семіздігінің алдын алу соңғы жылдары мемлекеттік деңгейде де басым бағыттың біріне айналды. Денсаулық сақтау министрлігі бұл жұмысты дұрыс тамақтану мәдениетін қалыптастыру, балалардың қимыл-қозғалысын арттыру және артық салмақты ерте анықтау бағытында жүргізіп келеді. Бұл шаралар Денсаулық сақтауды дамытудың 2029 жылға дейінгі тұжырымдамасы аясында іске асырылып жатыр.
Алдымен мектептегі тамақтану жүйесі жаңартылды. Мектеп асханаларының жаңа стандарты енгізіліп, құрамында қант, тұз және қаныққан майы көп тағамдарды азайтуға басымдық берілді. Буфеттерде тағамдық құндылығы төмен өнімдердің сатылуына бақылау күшейтілсе, бастауыш сынып оқушылары мен әлеуметтік осал топтағы балалар тегін ыстық тамақпен қамтылып отыр.
Балалардың денсаулығын қорғауға бағытталған тағы бір шешім – кәмелетке толмағандарға энергетикалық сусын сатуға тыйым салу.
Сонымен қатар «Саламатты мектеп» жобасы кеңейтіліп, бүгінде оған еліміздегі мектептердің үштен екісінен астамы қосылған.
Жоба аясында оқушылар арасында дұрыс тамақтану мен белсенді өмір салтын насихаттауға басымдық берілген. Министрлік профилактикалық тексерулерді де жалғастырып келеді. Мектепке дейінгі ұйымдар мен мектептерде балалар артық салмаққа және созылмалы инфекциялық емес аурулардың қауіп факторларына тексеріледі. Қажет болған жағдайда олар дәрігердің бақылауына алынып, ата-аналарға тамақтану тәртібі мен өмір салтына қатысты кеңес беріледі.
Алайда мамандардың пікірінше, бұл шаралардың нәтижесі тек мемлекеттік бағдарламаларға ғана байланысты емес. Баланың күнделікті тамақтануы, қозғалысы және өмір салты ең алдымен отбасында қалыптасады. Сондықтан балалар семіздігінің алдын алу ауру анықталғаннан кейін басталмауы керек. Оның негізі – балаға ерте жастан дұрыс тамақтану дағдысын қалыптастыру, күнделікті қимыл-қозғалысты өмір салтына айналдыру және ата-ананың жеке үлгісі.