Балалар омбудсмені «Дарикорн дауына» қатысты пікір білдірді

Фото: Фото: Виктор Федюнин/Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM — Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева танымал блогер видеосынан кейін буллингке ұшыраған балаға қатысты пікір білдіріп, блогерді қатаң сынға алды.

Әлеуметтік желіде Ольга Колузанова есімді қолданушы Daricorn атымен танымал блогер Дариға Нұркееваның өз ұлын рұқсатсыз видеоға түсіргенін, ондағы кемсіту салдарынан ұлының буллингке ұшырағанын мәлімдеді. 

Видео 2024 жылдың тамыз айында түсірілген және миллиондаған қаралым жинап, баланы мазақ қылған комментарийлер жазылған. Бірінші инстанция соты Qatty Tatty дәмханасын көпшілік алдында кешірім сұрауға, моральдық өтемақы мен заңгер шығыны үшін 500 000 теңге төлеуге міндеттеген. Алайда дәмхана жәбірленушіге қарсы талап арыз беріп, ешбір міндеттемемен келіспеген.

Балалар омбудсмені әлеуметтік желіде күн сайын балалардың құқықтары өрескел бұзылатынын, олардың жеке деректері, фотосуреттері, видеолары түрлі мақсатта қолданылатынын атап өтті.

— Ал ересектер оның салдарын, мұндай әрекеттер бала психикасына қандай нұқсан келтіретінін, оның тұтас әлемге сенімін бұзатынын ойламайды. Қара басының қамы үшін адамгершілік ұмыт қалып отыр. Осыны жасаған ересектердің баладан кешірім сұрап, жағдайды түзеуге тырысуға ар-намысы жетпегені өкінішті. Мұндай әрекеттер баланың өмірін құртып жіберуі мүмкін екенін әрдайым есте сақтау керек, — деп жазды Д. Зәкиева.

Оның айтуынша, жыл басында балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, олардың фото-видеосын пайдалануға қатысты қылмыстық жауапкершілікті күшейтуге бағытталған түзетулер әзірленді. Жақында олар Үкіметке бекітуге жіберіледі.

Сонымен бірге, омбудсмен баланың анасымен байланыста екенін және барлық қажетті көмекті көрсететінін айтты.

Бұған дейін Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитеті оқиға жөнінде ресми түсіндірме жасады. Қажет болған жағдайда комитет бала құқықтары мен мүдделерін қорғау үшін ресми түрде сот процесіне қатысуға дайын.

Айта кетейік, осыдан бұрын Астанада екі жасар бүлдіршін бақшада буллингке ұшырағаны анықталды.