Балалар спорт мектептеріндегі жаттықтырушылардың жалақысы 30%-ға өседі

АСТАНА. KAZINFORM — Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне туристік саланы және балалар спортын қолдау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды. 

Коллаж: Kazinform

Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау аясында Туризм және спорт министрлігі Балалар мен жасөспірімдер спорт мектептерін (БЖСМ) жан басына шаққандағы нормативтік қаржыландыру жүйесіне көшіруді көздейтін заң жобасын әзірледі.

— Заң жобасы аясында БЖСМ жаттықтырушы-оқытушыларының еңбекақысын арттыруға бағытталған шара қарастырылған. Атап айтқанда, жаттықтырушы-оқытушылардың жалақысы лауазымдық жалақының 30%-ы мөлшерінде өседі. Қосымша төлем біліктілік тестілеуінен өткен және даярлықтың ұлттық стандарттарына сәйкес оқу-жаттығу үдерісін жүргізетін жаттықтырушы-оқытушыларға беріледі, — делінген хабарламада.

Қазір елімізде 526 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі жұмыс істейді. Онда 15 мыңнан астам жаттықтырушы-оқытушы еңбек етеді. Жыл сайын жаттықтырушылардың шамамен 30%-ы біліктілік тестілеуінен өтеді деп жоспарланған. Тестілеуді Республикалық дене шынықтыру және спорт бойынша оқу-әдістемелік және талдау орталығы өткізеді.

Жергілікті бюджеттен қосымша қаражат бөлу Республикалық бюджет комиссиясының шешімімен қолдау тапты. 2026-2028 жылдарға 74 млрд теңге жоспарланған. Оның 1,8 млрд теңгесі жаттықтырушы-оқытушылардың жалақысына қосымша төлемдерге бағытталады. Қалған қаражат БЖСМ-дердің материалдық-техникалық базасын нығайтуға, балалардың жарыстар мен оқу-жаттығу жиындарына қатысуына, фармакологиялық қамтамасыз етуге, спорттық киім-кешек пен жабдықтар сатып алуға жұмсалады.

Аталған шаралар жаттықтырушы мамандығының беделін арттыруға, балалар мен жасөспірімдер спорты жүйесіне білікті мамандарды тартуға және тәжірибелі бапкерлерді салада ұстап қалуға, сондай-ақ спорт резервін даярлаудың тұрақты жүйесін қалыптастыруға бағытталған.

Жан басына шаққандағы қаржыландыру жүйесіне көшу балалар мен жасөспірімдер спортын кешенді түрде қолдауға мүмкіндік береді. Мәселен, БЖСМ-де бір спортшыға жылына орта есеппен 415 мың теңге бөлінеді. Қазіргі таңда сметалық қаржыландыру жүйесінде бұл көрсеткіш шамамен 233 мың теңгені құрайды.

Жалпы еліміздегі 526 БЖСМ-де 398 342 спортшы шұғылданады. Спорт мектептеріне балалар 5 жастан бастап қабылданады.

Бұған дейін Қазақстанда ғалымдардың жалақысы көтерілетіні белгілі болды.