Балалар спортын дамытуға ерекше назар аудару керек - Қамбар Омаров

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Балалар спортын дамытуға ерекше назар аудару керек. Бұл туралы «ҚазАқпарат» директорлар кеңесінің мүшесі, МСМ жобалық кеңсесінің ахуалдық-талдау орталығының жетекшісі, «Қазақстан спортын трансформациялау» жобалық кеңсесінің жетекшісі Қамбар Омаров мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Айта кетейік, жақында елімізде «Қазақстан спортын трансформациялау» жобалық кеңсесі құрылды.

«Мәдениет және спорт министрілігі жанынан «Қазақстан спортын трансформациялау» жобалық кеңсесі құрылды. Оның қызметі спортты дамытудың жүйелік қадамдары мен стратегиялық бағыттарын даярлауға негізделеді. Негізгі мақсатымыз – спортпен айналысатын денсаулығы мықты ұлтты қалыптастыру. Елде спортпен халықтың тек 30 пайызы шұғылданады, ал кеңестік кезеңде бұл көрсеткіш 70-80 пайызға жеткен еді», - деп тоқталды Қамбар Омаров Орталық коммуникациялар қызметінде.

Осы орайда ол балалар спортын дамытудың мыңыздылығын атап өтті.

«Балалар мен жасөспірімдер гаджеттерге жаппай дағдыланып алған. Өткен жылдағы Жолдауда Мемлекет басшысы бұл мәселеге ерекше екпін қойып, өскелең ұрпақты спорт үйірмелеріне тартуға қатысты тапсырма берді. Биылғы Жолдауда да Президент жұрттың және балалардың спортпен шұғылдануына жағдай жасалуы қажет екенін қадап айтты. Бұқаралық спорт жоғары жетістік спорты үшін база болатыны анық. Бұл ретте болашақ Олимпиада чемпионы кадрлары осы деңгейден шыңдалады», - деді жобалық кеңсесінің жетекшісі.