Балалар туризмін дамытудағы проблемалар қандай
- Виктор Павлович, Мемлекет басшысы 5 қазан күнгі Жолдауында алдағы жылды Жастар жылы деп жариялағаны мәлім. Сонымен қатар «Өз жеріңді танып біл» жаңа бастамасы аясында еліміз өңірлері бойынша жаппай мектеп туризмін қайта жаңғырту жөнінде тапсырма берді. Алдымен осыған байланысты не айтар едіңіз?
- Әрине, Жастар жылы аясында көптеген шараларды қолға алуға болады. Соның ішінде балалар-жасөспірімдер туризмі жеткіншек ұрпақты отаншылдық рухта тәрбиелеудің таптырмас құралы екендігі бесенеден белгілі. Шын мәнісінде мұғалімнің әңгімесі, бейнефильм немесе әдістемелік құралдар жанды саяхаттың орнын алмастыра алмайды. Сондықтан «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында балалар-жасөспірімдер туризмін оқу орындарының жұмыстарымен ұштастыра білсек, көп нәрседен ұтар едік. Елбасымыз атап өткеніндей, бәрі де туған жерге, өскен өлке мен қалаға деген құрметтен, соған деген шынайы сезімнен басталады. Мектеп туризмін дамыту үшін демалыс уақытында ғана емес, сонымен қатар оқу кезінде тақырыптық, кәсіби бағдарлы саяхаттарды, туристік-өлкетану қызметінің басқа да түрлерін қолға алу керек.
- Иә, БҚО балалар-жасөспірімдер туризмі және экология орталығы Қазақстандағы осы бағытта кең ауқымды жұмыстар жүргізіп келе жатқан ірі кешен болып есептеледі. Жыл сайын ұйымдастырылатын жүздеген саяхат-жорықтарға, экспедиция, слет, фестиваль, түрлі жарыстарға еліміз ғана емес, Ресей өңірлерінен де мыңдаған оқушылар қатысып келеді. Мұның аясы жыл санап кеңейе түсуде. Мысалы, жуырда ғана Қазан қаласында Орал өңірі мен Татарстан балалар туристік ұйымдары арасында ынтымақтастық жөніндегі меморандумға қол қойылды. Күні кеше Петропавл қаласында Қазақстан мен Ресей Президенттерінің қатысуымен өткен аймақаралық ХV ынтымақтастық форумында туристік саланың өзекті мәселелері талқыланғаны аян. Міне, сонда да ресейлік әріптестерімізбен кездесіп, пікір алмастық, жоспар құрдық.
Соңғы жылдары өңірде спорттық бағдарлау және шыңға өрмелеу де жақсы дамып келеді. Осы орайда батысқазақстандық оқушылар спорттық бағдарлау, жаяу, тауда, шаңғымен, велосипедпен жүру техникаларынан республикалық, халықаралық жарыстарда топ жарып, алды Қазақстан құрамасының мүшесі болып үлгерді. Дегенмен Елбасы алға қойған мектеп туризмін дамытуда бірқатар шешілмеген мәселелердің бар екендігін де жасыруға болмайды.
- Ең алдымен, балалар-жасөспірімдер ұйымдарының материалдық-техникалық базасын нығайту керек. Мұндай мекемелердің көпшілігі бейімделген немесе жалға алынған ғимаратта орын тепкен, күрделі жөндеуді қажет етеді. Балалар туристік базаларының жыл бойғы жұмысы барлық ауданда бірдей жолға қойылған деп айта алмаймыз. Жеткіншектерді тасымалдайтын көлік құралдарын толықтай жаңарту қажет. Арнайы туристік жабдықтар да жетіспейді.
Жалпы, туристік салада балалар демалысын ұйымдастыру күрделі мәселе болып есептеледі. Өйткені бұдан табыс табамын деу қиын. Бағаны көтерсең, жасөспірімдердің туризмге деген сұранысы кемиді. Сондықтан балалар туристік ұйымдарына мемлекет тарапынан дотация беру мүмкіндігін қарастыру қажеттігі туады. Балалар үшін демалыс түрлерінің қолжетімді болмауы, заң тетіктерінің толық ойластырылмауы және басқа мәселелер туризмді дамытуға кедергі келтіруде.
- Біздің ойымызша, бұл мәселелерді Қазақстанда білім саласы мен жергілікті атқарушы органдар өкілдері бірігіп шеше алады. Мысалы, Батыс Қазақстанда балалар-жасөспірімдер туризмі кластерін құруға болады. Бұл туралы ұсыныс 2019-2023 жылдарға арналған ҚР сыртқы және ішкі туризмін дамытудың мемлекеттік бағдарламасы жобасына енгізілген. Кластер құрамына балалар туристік ұйымдарынан басқа турагенттіктер, осы салада қызмет көрсететін кәсіпорындар мен нысандарды кіргізуге болар еді. Кластерге мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында жұмыс жасайтын басқарушы компания басшылық жасай алар еді.
Мұндай танымдық бағдарламаларды барлық мүдделі ұйымдарға тиімді болатындай етіп ұйымдастырған жөн. Айталық, саяхаттың 70 пайызы бюджет есебінен өтелсе, 30 пайызын ата-аналар көтерер еді.
- Сұхбатыңызға рахмет!