Балалар үйінде тәрбиеленушілердің баспанаға сұранысы 2020 жылға дейін толық қанағаттандырылуы мүмкін

АСТАНА. 17 сәуір. ҚазАқпарат - Балалар үйінде тәрбиеленушілердің баспанаға сұранысы 2020 жылға дейін толық қанағаттандырылуы ықтимал.

Бұл туралы бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың тұрғын үйге құқықтарын қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын талқылау барысында Білім және ғылым вице-министрі Мұрат Әбенов мәлім етті.

Вице-министрдің айтуынша, статистикалық деректерге қарағанда елімізде 2006 жылдан бері 384 мыңнан астам пәтер пайдалануға берілген. Оның ішінде жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға берілген пәтерлер саны 849 ғана. Бұл барлық берілген пәтерлердің 0,2 пайызын ғана құрайды. Бұл ретте вице- министр жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың пәтер кезегінде ешқандай басым құқыққа ие болмай отырғанына назар аударып өтті. Сондықтан осы санатты баспанамен қамту қиындап кеткен. Осы олқылықты түзету үшін қолданыстағы заңнамамен жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың баспанамен қамтылуына басымдық беру, сонымен бірге мемлекеттік тұрғын үй қорынан баспанаға мұқтаж жетім балаларды жеке есепке алу туралы норма қамтылады.

«Қолжетімді тұрғын үй» бағдарламасына сәйкес, 2020 жылға дейін 69 млн 50 мың шаршы метр тұрғын үй салу көзделеді. Қазіргі уақытта тұрғын үйге мұқтаж балалар үйлерін бітірушілер болжамды саны 21 мың 408 адамды құрайды. Оларды тұрғын үймен қамтамасыз ету үшін 856 мың 320 шаршы метр қажет. Бұл жалпы жоспарланған құрылыстың 1,2 пайызын ғана құрайды. Осылайша басым құқықты ескере отырып 40 шаршы метрлі бір бөлмелі пәтер бөлінген жағдайда бітірушілердің баспанаға сұранысын 2020 жылға дейін толығымен қанағаттандыру мүмкіндігі туады», - дейді Білім және ғылым-вице министрі Мұрат Әбенов.