Балалар үйінің футболшылары Неймармен және Тиаго Силвамен кездеседі

Фото: None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Қазақстанда балалар үйінің тәрбиеленушілері арасында футболдан чемпионаттың финалдық кездесуі басталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. 

Қазақстанның түкпір-түкпірінен жиналған 9 команда 2018 жылғы чемпион титулы үшін бақ сынасатын болады. 

Жеңімпаз команда «Пари Сен-Жермен» атақты футбол клубының ойыншысы Неймар және Тиаго Силвамен кездеседі. 

Чемпионатқа Алматы, Қарағанды, Семей, Павлодар қалаларынан 72 бала қатысып жатыр. 

«Футболда шекара болмауы тиіс. Алты жыл бойы үзіліссіз өтіп келе жатқан спорттық шара осыған дәлел бола алады. Бұл жарыс балалар үшін өте маңызды. Бір жағынан спортқа баулыса, екінші жағынан қоғамға бейімделуіне, дұрыс бағытта өмір сүруіне ықпал етеді. Біз еліміздің әр аймағын қамтығымыз келеді. Мұнда қаланың оқушылары ғана емес, ауылдан келген балалар да ойнайды. Олардың көпшілігі кейіннен спортқа бет бұрады. Мәселен Қарағандыдан қатысқан балалар «Шахтер» клубының академиясына оқуға түсті», - дейді жоба жетекшісі Айнұр Сәлімбаева. 
 

Ұйымдастырушылардың мәліметінше, 6 жылдан бері аталған жобаның арқасында 11-15  жас аралығындағы 2 мың жасөспірім спортқа тартылды. Олардың 56-сы «Барселона», «Милан», «Челси», «Бавария», «Атлетико Мадрид» командаларындағы фавориттерімен кездесті.   
 

 «Қайрат» футбол клубының мүшесі Елдос Ахметов балаларға сәттілік тіледі. 

«Олардың бұл жарысқа қатысып жатқанының өзі үздіктердің қатарында екендігін білдіреді. Олардың ынта-жігері жеміс беретіні сөзсіз. Футбол командалық ойын болғандықтан, олар өз күштеріне сеніп, бірлікте болуы тиіс», - деді Е.Ахметов. 

Айта кету керек, былтыр «Таңшолпан» балалар үйінің тәрбиеленушілері жеңімпаз атанып, «Челси» ағылшын футбол клубының ойыншылары  Марк Алонсо, Давидом Луис және Педромен кездескен болатын. 

     

Соңғы жаңалықтар