Екі ай қатарынан Қазақстанның 10 аймағында іріктеу ойындары өтті. Жалпы тартысқа еліміздің 40 балалар үйлерінен 60 қыз қатысты.
Бүгін спорт жарысының финалдық кезеңі басталды.
Финалдық ойындарда 20-дан астам балалар үйінің тәрбиеленуші қыздары бақ сынайды. Жеңімпаздар Қытай елінде үстел теннисінен кәсіби шеберлік сыныбынан сабақ алуға мүмкіндік алады.
«Екі ай аралығында Қытай еліне жолдама берер тартысқа қатысу үшін зор еңбек еттіңдер. Турнирдің басты мақсаты - жетім балалар арасындағы үстел теннисі дарындарын тауып, қазақстандық теннис деңгейінің артуына біршама үлес қосуды мақсат тұтады. Турнир қыздар арасында 2-жас ерекшеліктері бойынша өтеді: 7- 10 жас пен 11 - 15 жас аралығы. Турнир ұйымдастырушылары бұл жобаны қазақстандық жастардың арасында спортқа деген қызығушылықтарын ояту мақсатында еліміздің түкпір-түкпіріндегі 100 жетімдер үйіне 100 теннис ойнайтын үстел мен жабдықтарымен қамтамасыз етті. Енді балалар үйінің тәрбиеленушілері олимпиадалық спорт түріне енетін үстел теннисін ойнап, жаттығуға зор мүмкіндікке ие болады», - деді Қазақстанның үстел теннисі федерациясының атқарушы директоры Мәлік Бейсалиев.
23 тамызда турнир жеңімпазы анықталады. Үздік деп танылған екі қыз бала Қытайға сапар шегеді. Ұйымдастырушылар аталған жарысты жылда өткізіп тұруды шешті.