Балалар үйінің тәрбиеленушілері «Челси» футбол клубын көріп келуге мүмкіндік алады

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Балар үйінің тәрбиеленушілері «Челси» футбол клубын көріп келуге мүмкіндік алады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматыда V Қазақстандық жетім балалар мен мектеп-интернаттары арасындағы «Арманыңа жақында» футбол чемпионатының финалдық ойындары өтіп жатыр.

Биыл финалдық жарысқа еліміздің 10 облысынан 12 құрама келіп, өз бақтарын сынауда. Жеңімпаз команда Англия премьер-лигасының бір клубына баруға жолдама алады.

Айта кету керек, іріктеу ойындары еліміздің 13 аймағында 2017 жылдың 25 сәуірінде басталған болатын. Іріктеу кезеңінде  республикамыздың әр аймағынан финалдық жолдамаға 26 команда тартысқа түсті. Жалпы чемпионатқа балалар үйлері мен мектеп-интернаттарынан  11-14 жас аралығындағы 250-ден астам тәрбиеленуші қатысты.

«Еуропаның белді футбол клубына бару әр доп қуған жанкүйердің арманы десек артық емес.  Ал біздің балалар үйлерінің футболистерінде осындай зор мүмкіндік бар. 2013 жылдан бері Еуропаның танымал футбол клубтарына барып,  әйгілі Месси, Робен, Хави, Торрес, Гризманн сынды теңбілдопшыларымен кездесіп қайтты. Менің ойымша осындай мүмкіндік жас жеткіншектерді ынталандырады», - деді ұйымдастырушылардың бірі Айнұр Сәлімбаева. 

«Біздің команда бұл чемпионатта төртінші жыл қатарынан қатысып келеміз.  Биыл алғаш рет финалға өттік. Барлық қатысушыларға сәттілік, өзімізге жеңіс тілеймін», - деді Талдықорған қаласының балалыр үйінің «Айналайын»  командасының ойыншысы Ниязбаев Темірлан. 

Чемпионаттың арқасында «Бауыржан» қайырымдылық қоры мен «Цеснабанк» АҚ қазақстандық футбол деңгейін көтеру мақсатында, жетім балалар арасындағы спортқа деген қабілеттері мен талаптарын жетілдіруді көздейді. Себебі әйгілі футбол алаңдарына барып, пір тұтушы теңбіл доп шеберлерімен кездесу балалар үшін айтулы оқиға. 

2013 жылдан бері чемпионаттың 45 жеңімпазы Еуропаның беделді футбол клубтарында болып қайтты. Үлгі тұтар көшбасшыларына айналған Месси, Робен, Хави, Роналдо сынды футболдан әлем майталмандарымен кездесті. 2013 жылы чемпионат жеңімпаздары Есіл қаласының  № 2 балалар үйінің тәрбиеленушілері «Барселона» футбол клубы мен әйгілі "Камп Ноу" алаңына бару мүмкіндігіне ие болған еді.

2014 жылғы жеңімпаздар Алматы облыстық №1 балалар үйінің "Барыс" командасы Милан қаласына жолдама алып, "Миланелло" базасын көріп қайтты. 2015 жылы Қарағанды қаласының  «Таңшолпан» балалар үйінің тәрбиеленушілері чемпионатта озып шығып, әйгілі Мюнхен қаласындағы (Германия) ALLIANZ ARENA орталығына барып,  әйгілі «Бавария» мен «Реал Мадрид» футбол клубтарының ойынын тамашалап қайтты.

Былтырғы жылғы жеңімпаздар Мадридтың  «Атлетико» клубына барып Испан футболының әйгілі  теңбіл допшылары Фернандо Торрес, Гризманн, Кокемен кездескен болатын.