Балалар үйінің тәрбиеленушілері ҰОС ардагерлерімен кездесті

АСТАНА. ҚазАқпарат - Ұлы Жеңістің 70 жылдығы қарсаңында «Ұлы Жеңіс шашуы» акциясы аясында Астанадағы балалар үйінің тәрбиеленушілері Ұлы Отан соғысының ардагері Асылхан Бекбаевпен кездесті, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Ұлы Отан соғысының ардагері балаларға 1942 жылы Кеңес әскері қатарына шақырылғанын айтты. 1944 жылдың қарашасынан бастап 3-ші Беларусь майданындағы 6-шы гвардиялық бомбалаушы әуе дивизиясының 134-ші гвардиялық әуе полкінің құрамында шайқасқан. Ол Беларусь аумағы мен Балтық жағалауын неміс-фашист басқыншыларынан азат етті. Жеңіс күнін Асылхан Табылдыұлы Шығыс Пруссиядағы Кенинсберг түбінде қарсы алды. Қазір майдангер 91 жаста, бұған қарамастан ол әлі тың.

«Ұлы Жеңіс шашуы» мерекесіне еңбек ардагерлері Айтқожа Мусин және Кайрбанат Федосцева да келді. Олар балаларға соғыстан кейінгі жылдары қалай еңбек еткендері, соғыстан кейін елді қалай қайта көтергендері туралы айтып берді.

Бұл күні ардагерлерге шын жүректен шыққан құттықтаулар арналды. Астана қаласы әкімдігінің Балалар үйінің тәрбиеленушілерінен құралған шығармашылық ұжымдар соғыс жылдарындағы әндерді шырқады. Балалар үйінің «Жастық» театр студиясы «Естеліктер ізімен» қойылымын көрсетті. Балалар үйінің кураторлары Қазақстан Республикасы Ұлттық Қауіпсіздік Комитетінің офицерлері де ардагерлер мен балаларға музыкалық тарту жасады.