Балалар арасында да диабет дендеп барады – дәрігерлер дабыл қақты
АСТАНА. KAZINFORM – Әлемде 500 миллионнан астам адам қант диабетімен ауырады. Ал Қазақстанда дәл осы диагнозбен тіркелген 520 мыңға жуық науқас бар. Оның 5 мыңнан астамы – балалар.
Елімізде 29 711 адам І типті қант диабетіне шалдыққан. Ал қалған 486 853 тұрғын осы аурудың ІІ типімен өмір сүруде. Қант диабетін болдырмау үшін не істеу керек? Бұл ауру балалар арасында неге көбейіп кетті. Эндокринолог маман жауап берді.
– Біздің ағзамызда ұйқы безі инсулин бөліп отырады. Диабеттің ІІ типінде ағза инсулинді бөліп тұрады. Бірақ рецепторлар жұмыс істемегендіктен, инсулинге төзімділік дамиды да созылмалы қант диабетіне шалдығады. Диабет деген сөздің өзі «шөлдеу» деген мағынаны білдіреді. Қанда қант деңгейі көп болып кеткендіктен адам шөлдеп, кіші дәретке жиі барғысы келе береді, - дейді Jibek Joly арнасының «Бүгін LIVE» бағарламасында пікір білдірген Нәзира Есмаханова.
Дәрігер І типті қант диабетінің айырмашылығын түсіндірді.
– Ал І типте ұйқы безде инсулин мүлде болмайды. Инсулин болмағандықтан, ондай науқас әр жеген тамағына инсулин салып тұруы керек. «Сау адамның басында алтын тәж бар. Оны тек қана ауру адам көреді» деп бекер айтпаған ғой. Біз тамақты ойланбай жей береміз. Ал І типті қант диабетімен ауыратындар әр жеген тамағын есептеп, өзіне инсулин салып барып жеуі керек, - дейді ол.
Нәзира Есмаханованың айтуынша қант диабетіне көбіне генетикалық факторлар себеп болады.
– Бұл дертке көбіне генетикалық факторлар себеп болады. Егер адамның туыстары қант диабетімен ауыратын болса, ол кісінің де ауруға бейімділігі жоғары болады. Екінші фактор – дұрыс тамақтанбау. Дұрыс тамақтанбау семіздікке алып келеді. Семіздіктің де басты себебі – инсулинге төзімділік. Одан кейінгі фактор – физикалық белсенділіктің төмендеуі. Қазір көбімізде гиподинамия бар. Одан қалса, созылмалы стресс пен ұйқының бұзылуы да бұл аурудың пайда болуына әсер етеді, - дейді дәрігер.
Эндокринолог балалардың да арасында қант диабеті көбейгенін айтып, дабыл қақты.
– Балалардың арасында да қант диабетінің артуына тәттінің қолжетімділігі себеп деп ойлаймын. Баяғыда ата-әжелеріміз үшін тәтті армандайтын дүние болған ғой. Қазір балалар далаға шықса, дүкенге кіріп, тәтті сусындар мен қатты кәмпиттер алады. Ересектер баласына деген махаббатын тәттімен көрсетіп жатады. Ал 2 жастағы балаға мүлде тәтті беруге болмайды. Олардың ағзалары ондай көп мөлшердегі тәттіні өңдеуге арналмаған. Екіншіден, қазіргі балалардың бәрі телефонда отырады. Бұрын балаларды даладан үйге кіргізе алмайтын едік. Қазір далаға шығара алмай әуре боламыз. Соның салдарынан физикалық белсенділіктері тым төмен. Одан бөлек, ұйқының дұрыс болмауы да бар. Қазір балалардың бәрі тым кеш ұйықтайды. Оның бәрі қант диабетінің дамуына әсер етеді. Бұрын І тип тек қана балаларда, ал ІІ тип ересектерде дамиды деп айтатынбыз. Қазір балалар мен жасөспірімдерде ІІ типі де дамып жатыр. Өйткені балалар арасында семіздік көп, - дейді студия қонағы.
Нәзира Есмаханова қант диабетінің белгілеріне де тоқталды.
– Қант диабетіне шалдыққан адам көп шөлдейді, кіші дәретке қайта-қайта бара береді, әлсіздік пайда болады. Өйткені глюкоза тінге енбей, қанда көп болып жүргеннен кейін адамның энергиясы азайып, тез шаршап қалады. Жаралар баяу жазыла бастайды. Денесі қышып, аяқтары ұйып, шаншуы мүмкін. Бірақ қазіргі кезде мұндай айқын белгілері болмауы да мүмкін. Кей адамдар скринингке келіп, анализ тапсырған кезде ғана өзінде қант диабеті бар екенін біліп жатады. Ол үшін жылына 1 рет қан тапсырып тұру қажет. Қант диабетін анықтау үшін небәрі екі анализ жеткілікті. Олар – глюкоза және гликирленген гемоглобин, - дейді ол.
Қант диабеті асқынған науқастар көп жағдайда жүрек талмасына ұшырайды екен.
– Қант диабеті асқынған жағдайда түрлі жүйелерге зиянын тигізеді. Мысалы, екі стақанды елестетіңіз: бір стақанда қарапайым су, екінші стақанда көп қант бар. Көп қант салынған су шәрбәт сияқты болады. Енді жүрекке суды айдаған жеңіл ме, әлде шәрбәтті айдау жеңіл бола ма? Мида, көзде, бүйректе, аяқта өте жіңішке капиллярлар болады. Жүрек қанты көп шәрбәтті айдаған кезде ол кішкентай тамырлардан өтпейді. Сол үшін мида өзгерістер болады, көздің көруі, бүйректің жұмысы нашарлап, аяқтың жансыздануы сияқты асқынуларға алып келеді. Көбінесе қант диабеті жүрек талмасына әкеліп соғады, - дейді дәрігер.
Маман қант диабетіне шалдыққан науқастарға кеңес берді.
– Қант диабетімен ауыратын адамдарға арнайы диета бар. Ол – №9 деп аталады. Оның негізгі мақсаты – қандағы қант деңгейін тұрақты ұстап тұру және асқынулардың алдын алу. Сол кезде қарапайым көмірсуларды шектеп, рационға күрделі көмірсуларды қосамыз. Содан соң өнімнің гликемиялық индексі деген бар. Мысалы, сіз қиярды жеген кезде оған инсулин өте аз бөлінеді. Ал тәтті тамақтарға көп инсулин бөлінеді. Соған байланысты гликемиялық индексі төмен өнімдерді ұсынамыз, - дейді Нәзира Есмаханова.
Эндокринолог қант диабетінің емделмейтінін айтты.
– Өкінішке қарай, қант диабеті емделмейді. Оны қалыпты жағдайда ұстап тұру үшін тек қана диета ұстанып, физикалық белсенділікті арттыру керек. Сонымен қатар, қант диабетінің типтеріне сай дәрі-дәрмектермен ем-шара жүргізіледі. Бұл дерт инфекциялық болмаса да пандемия деңгейіне жеткен аурулардың бірі. Өйткені статистиканы көріп отырсыздар. Бұл – жай ғана анықталғандары. Ал әлі анықталмағандар, өзінің бұл дертке шалдыққанын білмейтіндер қаншама, - дейді студия қонағы.
Айта кетейік, Қазақстан соңғы 3 жылда қант диабетіне шалдыққандарды емдеу үшін 157 млрд теңгеден астам қаржы жұмсаған.