Балаларды кешкі мектептерде оқытпауға арналған тиісті бұйрық қабылданбақ

АСТАНА. KAZINFORM — Еліміздегі 34 кешкі мектепте 3 мыңға жуық адам оқиды. Бұл туралы бүгін Құрылтайдағы Үкімет сағатында Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова айтты.

Фото: Kazinform/ЖИ

- Баланың білім алу құқығы кез келген жағдайда қамтамасыз етілуге тиіс. Еліміздегі 34 кешкі мектепте 2 904 адам оқиды, оның 855-і – кәмелетке толмағандар. Балалардың кешкі мектептерде оқуына жол бермеу үшін тиісті бұйрық жобасы мемлекеттік органдармен келісіліп қабылданатын болады, - деді Ж.Сүлейменова. 

Оның айтуынша, ерекше білім алуды қажет ететін 237 мың баланың 71 мыңы мектепке дейінгі жаста, 166 мыңы мектеп жасында және бұл балалардың барлығы инклюзивті біліммен қамтамасыз етілген. Инклюзивті білім беруге арналған кабинеттерге қойылатын талаптарды реттейтін бұйрық қабылданды.

- Құрылтай депутаттарының бастамасымен әзірленген «Дамуында ерекше қажеттіліктері бар балаларды кешенді қолдау туралы» заң жобасы бойынша жұмыс жүргізілуде. Тағы бір тоқталып өтетін мәселе уақытша тергеу изоляторындағы балалардың білім алу құқығын қамтамасыз ету мақсатында кешенді шаралар қабылданатын болады. Бүгінде 119 бала тергеу изоляторында, - деді министр.

Бұған дейін хабарланғандай, Құрылтай төрағасының орынбасары Динара Зәкиева кешкі мектептерге қатысты проблеманы көтерді.