Балаларды қорғау: ТЖМ жазғы маусымға дайындықты күшейтті

АСТАНА. KAZINFORM — Жазғы демалыс маусымы қарсаңында Төтенше жағдайлар министрлігі балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған профилактикалық шараларды күшейтті.

Фото: Виктор Федюнин/ Kazinform

Еліміз бойынша судағы қауіпсіздік, өрттің алдын алу және төтенше жағдайларда дұрыс әрекет ету бойынша интерактивті сабақтар, рейдтер мен түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында 1 маусым — Халықаралық балаларды қорғау күніне орай ұйымдастырылған баспасөз мәжілісінде ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі Төтенше жағдайлардың алдын алу комитеті төрағасының міндетін атқарушы Роллан Есмағанбетов айтты.

Министрлік мәліметінше, еліміздің барлық өңірінде балаларға қауіпсіз мінез-құлық дағдыларын үйретуге бағытталған ауқымды жұмыстар ұйымдастырылып жатыр. Атап айтқанда, халықпен кездесулер, түсіндіру жұмыстары, нұсқамалар, рейдтер және ашық сабақтар тұрақты түрде өткізіледі.

— Жыл басынан бері ТЖМ қызметкерлері 4 мыңға жуық интерактивті сабақ, 3,5 мыңнан астам ашық және тәжірибелік сабақ пен сынып сағатын өткізді. Сонымен қатар мектепке дейінгі мекемелер де қауіпсіздік сабақтарымен қамтылып отыр. Балалар үшін өрт сөндіру-құтқару бөлімшелеріне шамамен 2 мың экскурсия ұйымдастырылды, — деді спикер.

Сонымен қоса ол жазғы кезеңде балалардың судағы қауіпсіздігіне ерекше назар аударылғанын, қазіргі кезде еліміз бойынша қауіпті учаскелерде 50 құтқару станциясы мен 169 мобильді құтқару бекеті жұмыс істейтінін атап өтті.

Бұдан бөлек Роллан Есмағанбетов жыл басынан бері 8 мыңнан астам бала жүзудің бастапқы дағдыларын меңгергенін, судағы қауіпсіздік, алғашқы көмек көрсету және құтқару дағдылары бойынша интерактивті әрі тәжірибелік сабақтар өткізілгенін де еске салды.

Сондай-ақ министрлік өкілі балалардың қауіпсіздігі көбіне ересектердің бақылауына тікелей байланысты екенін баса айтты.

— Осыған байланысты ТЖМ ата-аналарды балаларды су айдындары маңында қараусыз қалдырмауға, тек рұқсат етілген жерлерде шомылуға және тұрмыстағы өрт қауіпсіздігі ережелерін қатаң сақтауға шақырады, — деді ол.

Бұған дейін Астанада Халықаралық балаларды қорғау күніне орай 100-ге жуық іс-шара өтетіні жөнінде жаздық.