Балаларды шетелге кардиохирургиялық емге жолдау 5,2 есе қысқарды
АСТАНА. KAZINFORM — Биыл елімізде протондық, йодтерапия және тамырлы ақауларды емдеу толық қолжетімді болады. Бұл туралы Үкімет отырысында Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова айтты.
- Бұрын тек ересектерге жасалып келген «гамма-пышақ» аппаратындағы радиохирургиялық операциялар енді балаларға да жүргізіле бастады. Ол күрделі ми ісіктері мен басқа да қауіпті диагноздарды ашық операциясыз, қауіпсіз әрі дәл емдеуге мүмкіндік береді. 400 балаға есту импланттары орнатылып, олар алғаш рет дыбысты естіп, сөйлеу қабілетін дамыту мүмкіндігіне ие болды, - деді министр.
Оның дерегінше, жыл сайын орта есеппен 700 шала туған нәрестеге ретинопатияны түзету жүргізіледі. Сонымен қатар жыл сайын 2 мыңнан астам балаға кардиохирургиялық операциялар жасалып, жүрек ақаулары дер кезінде түзетіліп отырады.
- Осылайша, жоғары технологиялық медициналық қызметтердің енгізілуі балалардың өмір сапасын жақсарта отырып, соңғы үш жылда шетелге туыс емес донордан бағаналы жасушаларды трансплантациялауға балаларды жіберу 3 есе, ал кардиохирургиялық емге жолдау 5,2 есе қысқарды және де бұл қадамдар балалар арасындағы мүгедектік деңгейін 11 пайызға төмендетуге мүмкіндік берді. Биыл елімізде протондық, йодтерапия және тамырлы ақауларды емдеу толық қолжетімді болады, - деді Ақмарал Әлназарова.
Бұған дейін балалардың денсаулығын қорғау үшін қандай маңызды шешімдер қабылданғанын жазған едік.