Балалардың әлеуметтік желідегі аккаунттарына қатысты жаңа тәртіп енгізілмек

АСТАНА. KAZINFORM – Елімізде онлайн-платформаны пайдаланушылардың жасын растаудың арнайы қағидалары әзірленеді. Бұл туралы Құрылтай депутаттарының сауалына Премьер-министр Олжас Бектеновтің жауабында айтылған.

Фото: Freepik

- Үкімет қолданыстағы Заңға он алты жасқа дейінгі пайдаланушыларды онлайн-платформаларда тіркеуді реттеуге байланысты түзетулер әзірледі. Қазіргі таңда түзетулер Қазақстан Республикасы Құрылтайының қарауында. Заңнамалық түзетулер қабылданғаннан кейін онлайн-платформаны пайдаланушылардың жасын растаудың арнайы қағидалары әзірленеді. Әзірлеу барысында онлайн-платформалардың қолданылып жүрген тетіктері, жасанды интеллект көмегімен сәйкестендіру, қаралатын контент пен пайдаланушының белсенділігі ескеріледі. Бүгінгі таңда онлайн-платформаларда тиісті технологиялық мүмкіндіктер бар, - деді Үкімет басшысы.

Премьер-министрдің атап өтуінше, жаңа талаптардың сапалы орындалуын қамтамасыз ету мақсатында аталған норманы қолданысқа енгізу үшін өтпелі кезең көзделеді.

- Он алты жасқа дейінгі онлайн-платформаны пайдаланушылардың қолданыстағы аккаунттарын уақытша тоқтату қаралатын болады. Нормативтік құқықтық акт Қазақстан Республикасының аумағындағы онлайн-платформалардың өкілдіктерімен бірлесіп талқыланады. Ұсынылатын тәсілдер пайдаланушының жеке деректерінің таралуына жол бермеу негізінде оның жасын растау қағидатына негізделеді. Сол арқылы балалардың цифрлық кеңістіктегі құқықтары мен заңды мүдделері қорғалып, кәмелетке толмағандар үшін қауіпсіз цифрлық орта қалыптастырылады. Қазақстан Республикасы Құрылтайының депутаттарымен жұмыс топтарында талқылау кезінде тиісті шектеуді нақты іске асыру тетіктері егжей-тегжейлі пысықталатын болады,- деді Олжас Бектенов.

Бұған дейін Құрылтай балалардың әлеуметтік желіге тіркелуіне шектеу қою тетігін нақтылау мәселесін көтергенін жазған едік.