Үкімет басшысының атап өтуінше, кәмелетке толмағандардың денсаулығына цифрлық ортаның әсерін жүйелі зерделеу мәселесі «Қазақстан балалары» тұжырымдамасында көзделген. Тұжырымдаманы іске асыру аясында Бала құқықтары жөніндегі уәкілмен бірлесіп Balazhan диагностикалаудың ақпараттық жүйесі әзірленген.
- Жүйеге білім беру ұйымдарының білім алушылары мен тәрбиеленушілерінің бойынан зорлық-зомбылық, қорқыту (буллинг), суицидтік ниет және тағы басқа белгілерді анықтау үшін Оқу-ағарту министрлігі ұсынған диагностикалық әдістер біріктірілген. иагностикалық әдістемелерге цифрлық ортадағы балалардың психологиялық қауіпсіздік деңгейін бағалауға, психологиялық қысым көріп жүрген балаларды уақтылы анықтауға және оларға қажетті психологиялық көмек көрсетуге арналған сауалнамалар енгізілген, - деді ол.
Олжас Бектенов Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес өңірлерде құрылған психологиялық қолдау орталықтары жұмыс істеп жатқанын айтады. Аталған орталықтар білім беру ұйымдарының психологиялық қызметтерін үйлестіреді, әдістемелік сүйемелдеуді қамтамасыз етеді және оқушылар мен ата-аналарға кеңес береді.
Айта кетейік, елімізде онлайн-платформаны пайдаланушылардың жасын растаудың арнайы қағидалары әзірленеді.