Балалардың онлайн-платформаларға тіркелуіне тыйым салу үшін Еуропа тәжірибесі зерделеніп жатыр

Фото: Gov.kz

АСТАНА. KAZINFORM – Балалардың онлайн-платформаларға тіркелуіне тыйым салу үшін Еуропа елдерінің тәжірибесі зерделеніп жатыр. Бұл туралы Мәжіліс депутаттарының сауалына Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның жауабында айтылған.

– Мемлекет басшысы жария еткен Цифрландыру және жасанды интеллект жылы аясында оқушылардың, педагогтер мен ата-аналардың цифрлық сауаттылығын арттыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Осыған орай «Онлайн-платформалар және онлайн-жарнама мәселелері бойынша ҚР-ның кейбір актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» және «Масс-медиа мәселелері бойынша ҚР-ның кейбір актілеріне өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобаларына ұсыныстар әзірленіп, заң жобаларын жария талқылау жүргізілді, - деді вице-премьер.

Оның атап өтуінше, қазіргі уақытта заң жобалары мүдделі мемлекеттік органдармен келісу кезеңінен өтіп жатыр.

– Тұжырымдама аясында «Балаларды денсаулығы мен дамуына зиян келтіретін ақпараттардан қорғау туралы» заң нормалары зиянды интернет-контенттерді реттеуге басымдық беріле отырып, өзектендіріледі. Сонымен қатар балаларды денсаулығы мен дамуына зиян келтіретін ақпараттардан қорғау бағытындағы халықаралық тәжірибе зерделеніп отыр. Атап айтқанда, Аустралия мен Францияның балалардың онлайн-платформаларға тіркелуіне тыйым салу тәжірибесі зерделеніп жатыр. Аталған тәжірибе ұлттық заңнама ерекшеліктері, цифрлық даму мен қолданылатын технологиялық шешімдер ескеріле отырып пысықталады. Мұнан ары мемлекеттік органдармен және онлайн-платформалардың өкілдерімен бірге халықаралық тәжірибе негізінде нақты техникалық және ұйымдастырушылық тетіктер көзделеді, - деді Аида Балаева.

Бұған дейін онлайн-платформа өкілдігіне құқыққа қайшы контентті жою жөніндегі нұсқаманы орындамағаны үшін жауапкершілік енгізілетінін жазған едік.