Балалардың тісін неге ерте құрт жейді: мәселе тек тәттіде ме

АСТАНА. KAZINFORM– Үш жасында 20 тісі зақымданған балалар бар. Ал биылғы алғашқы алты айда елімізде оқушыларды тексеру кезінде тіс жегісінің 80 мыңнан астам жағдайы анықталған. Дәрігерлер тіс жегісі алғашқы сүт тістері шыққаннан-ақ басталып, асқынған жағдайда баланың денсаулығына елеулі зиян келтіруі мүмкін екенін ескертеді. Балалардың тісі неге ерте бұзылады, ата-аналар қандай қателіктер жібереді және аурудың алдын алу үшін не істеліп жатыр? Kazinform тілшісі мәселенің мән-жайын зерделеді.

Коллаж: Kazinform / ЖИ

Үш жасында 20 тісі зақымданған балалар бар

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, 2026 жылдың алғашқы алты айында 3,6 млн бала профилактикалық медициналық тексеруден өтті. Тексеру кезінде 302 мың баладан түрлі ауру анықталып, 119 мыңнан астамы дәрігерлердің тұрақты бақылауына алынған.

Балалар арасында жиі кездесетін аурулардың қатарында тіс жегісі, қаназдық және көру қабілетінің бұзылуы бар. Мектеп жасындағы балаларды тексеру кезінде тіс жегісінің 80 169 жағдайы тіркелген.

Ал 6, 12 және 15 жастағы балалар арасында стоматологиялық аурулардың таралу көрсеткіші соңғы үш жылда орта есеппен 87,8% болған. Атап айтқанда, 2023 жылы – 88,9%, 2024 жылы – 87,7%, 2025 жылы 86,9% тіркелген.

Инфографика: Kazinform

Үш жылда көрсеткіш 2 пайыздық тармаққа төмендеген. Дегенмен бұл статистика тек тіс жегісін емес, стоматологиялық аурулардың жалпы таралуын қамтиды. Сондықтан оны тіс жегісінің жеке көрсеткіші ретінде қарастыруға болмайды.

Оның үстіне, тіс жегісі бала мектепке бармай тұрып-ақ басталуы мүмкін.

Балалар стоматологі Айжан Ерғазиева екі-үш жасында бірнеше тісі қатар бұзылған балалар жиі кездесетінін айтады.

– Иә, өкінішке қарай, мұндай жағдайлар біздің күнделікті тәжірибемізде жиі кездеседі. Бүгінде екі-үш жасында 10–15, тіпті 20 тісіне дейін зақым келген балаларды қабылдаймыз, – дейді маман.

Фото: Балалар стоматологі Айжан Ерғазиеваның жеке мұрағатынан

Дәрігердің айтуынша, соңғы жылдары бірнеше тісі қатар зақымданған кішкентай балалар жиі қаралатын болған.

Мәселе Қазақстанға ғана тән емес. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының 2022 жылғы есебіне сәйкес, әлемде шамамен 514 млн баланың сүт тістерінде емделмеген тіс жегісі болған.

Тәтті жемейтін баланың тісі неге бұзылады?

Көптеген ата-ана баласының тісі бұзылса, тәтті тағамнан немесе кальцийдің жетіспеуінен көреді. Алайда тіс жегісінің пайда болуына бірнеше жағдай әсер етеді.

Денсаулық сақтау министрлігінің штаттан тыс бас стоматологі, медицина ғылымдарының докторы, профессор Сәуле Есембаеваның түсіндіруінше, тістің бетінде жиналған бактериялар тағамдағы қантты ыдыратып, қышқыл бөледі. Сол қышқыл тістің сыртқы қорғаныш қабатын әлсіретіп, біртіндеп бұзады.

– Тіс жегісі алғашқы тістер шыққаннан кейін-ақ басталуы мүмкін. Екі–үш жаста кездесетін тістердің көптеп зақымдануы ерте жастағы тіс жегісіне жатады. Сүт тістерінің кіреуке және дентин қабаттары жұқа болғандықтан, ауру терең тіндерге жылдам таралуы мүмкін, – дейді маман.

Фото: Сәуле Есембаеваның жеке мұрағатынан

Бірақ бала кәмпит пен шоколад жемесе де, тісі бұзылуы мүмкін.

Мысалы, күні бойы шырын, тәтті шай немесе тәтті йогурт ішетін баланың тістері қышқылдың әсеріне қайта-қайта ұшырайды. Сондықтан тәттінің мөлшері ғана емес, оны қаншалықты жиі тұтынатыны да маңызды.

Сәуле Есембаеваның айтуынша, күнделікті күтімнің де әсері зор.

– Тәттіні аз тұтынатын балада да тіс қағы жеткілікті тазаланбаса, сілекей бөлінуі азайса немесе кіреукенің қалыптасуында ақау болса, тіс жегісі дамуы мүмкін. Кейбір дәрілер мен аурулар ауыздың құрғауына ықпал етіп, табиғи қорғанысты әлсіретеді, – деп түсіндірді дәрігер.

Ал тұқымқуалаушылықтың әсері қандай?

Маманның айтуынша, генетикалық ерекшеліктер баланың тіс жегісіне бейімділігін арттыруы мүмкін. Бірақ ата-анасының тісі нашар болса, баланың да тісі міндетті түрде бұзылады деген сөз емес.

Өйткені бір отбасында тамақтану мен тіс күтіміне қатысты әдеттер де ұқсас болады. Сондықтан тіс жегісінің себебін бірден тұқымқуалаушылықтан немесе кальцийдің жетіспеуінен іздеу дұрыс емес.

Темір препараты баланың тісін құрта ма?

Кей ата-аналар баласына темір препаратын бергеннен кейін тісінде пайда болған қара дақтарға алаңдайды. Әсіресе сұйық дәрілерді қабылдағанда мұндай өзгеріс байқалуы мүмкін. Бұл тіс жегісінің белгісі ме?

Сәуле Есембаеваның айтуынша, кейбір темір препараттары тістің бетінде қара дақ қалдыруы мүмкін. Алайда тістің түсі өзгергені оның міндетті түрде бұзылғанын білдірмейді.

– Кейбір темір шәрбаттарының құрамында қант болады. Егер дәрі тіспен ұзақ жанасса, ал ауыз қуысының күтімі жеткіліксіз болса, тіс жегісінің пайда болу қаупі артуы мүмкін, – деп түсіндірді маман.

Сондықтан дәрінің құрамында қант бар-жоғын тексерген жөн. Ал тісте қара дақпен бірге қуыс пайда болса, тіс мүжілсе немесе ауырса, стоматологке қаралу қажет.

Дәрігер тістің түсі өзгергені үшін тағайындалған темір препаратын өз бетінше тоқтатуға болмайтынын ескертеді.

Түнде бөтелкемен ұйықтау тіс жегісіне әкеле ме?

Баланың тісі ерте бұзылуына күнделікті әдеттер де әсер етеді. Соның бірі – бөтелкеден сүт немесе тәтті сусын ішіп жатып ұйықтау.

Коллаж: Kazinform / ЖИ

Сәуле Есембаеваның түсіндіруінше, бала ұйықтап қалған кезде тістері сусын құрамындағы қантпен ұзақ жанасуы мүмкін. Бұл тіс жегісінің пайда болу қаупін арттырады.

– Емшек сүтімен қоректендірудің пайдасы зор. Дегенмен бір жастан кейін түнде жиі еметін баланың тісінде қақ жиналса немесе алғашқы зақымдану белгілері байқалса, стоматолог тіс жегісінің қаупін жеке бағалауы қажет, – дейді маман.

Сондықтан баланың немен қоректенетініне ғана емес, тісінің қалай тазаланатынына да мән берген дұрыс.

Алты жаста шығатын тұрақты тісті ата-аналар неге сүт тісі деп ойлайды?

Шамамен алты жаста баланың алғашқы тұрақты азу тістері шыға бастайды. Бірақ олар сүт тістерінің орнына емес, тіс қатарының ең артқы жағына шығады. Сондықтан кей ата-аналар оларды да сүт тісі деп ойлайды.

Сәуле Есембаеваның айтуынша, бұл тістер өмір бойы сақталуы тиіс.

– Жаңадан шыққан азу тістердің шайнау бетінде терең сайлар болады. Оларға тамақ қалдықтары мен тіс қағы оңай жиналады. Мұндай жағдайда стоматолог қажет деп тапса, тістің шайнау бетіндегі сайларды арнайы материалмен жауып, тіс жегісінен қорғауға болады, – деп түсіндірді маман.

Бұл әдіс герметизация деп аталады. Ол тіс жегісінің алдын алуға көмектеседі.

Сондықтан ата-аналар алты жас шамасында шыққан тұрақты азу тістерді сүт тісімен шатастырмай, олардың күтіміне көңіл бөлгені жөн.

Сүт тістерін емдемесе не болады?

«Бәрібір түседі, орнына жаңасы шығады». Кей ата-аналар сүт тістерін осы себеппен емдетуге асықпайды. Алайда оларды уақытында емдемесе, түрлі асқынуға әкелуі мүмкін.

Сәуле Есембаеваның айтуынша, сүт тістері баланың тамақ шайнауына, сөйлеуіне көмектеседі. Сондай-ақ кейін шығатын тұрақты тістерге орын сақтайды. Егер сүт тісі ерте түссе немесе жұлынса, көрші тістер жылжып, тұрақты тістің дұрыс шығуына кедергі келтіруі мүмкін.

– «Бәрібір түседі» деген түсінікпен ата-аналар бала қатты ауырсынғанға немесе беті ісінгенге дейін стоматологке баруды кейінге қалдыруымүмкін, – дейді маман.

Балалар стоматологі Айжан Ерғазиеваның айтуынша, тіс жегісі дер кезінде емделмесе, тереңдеп, тістің ішкі тіндерін зақымдайды. Инфекция тараса, баланың беті ісініп, дене қызуы көтерілуі мүмкін.

– Мұндай кезде мәселе тек тісті пломбалаумен шектелмейді. Кейбір тістерде тіс ұлпасының қабынуы, инфекциялық асқынулар болуы мүмкін, – дейді стоматолог.

Ауру тіс баланың тамақтануына, ұйқысына және жалпы жағдайына әсер етеді. Сондықтан тіс жегісін асқындырмай, дер кезінде емдеткен дұрыс.

Тіс жегісін тісті егемей емдеуге бола ма?

Тіс жегісін ерте анықтаса, кей жағдайда тісті егеп, пломба салмай-ақ тоқтатуға болады.

Фото: Kazinform/ЖИ

Сәуле Есембаеваның айтуынша, тісте пайда болатын бордай ақ дақ аурудың алғашқы белгісі болуы мүмкін. Бұл кезде тістің қорғаныш қабаты әлсірегенімен, әлі қуыс пайда болмауы ықтимал.

– Емдеу әрдайым тісті бұрғылап, пломба салу деген сөз емес. Кіреукенің беті әлі бұзылмаған бастапқы кезеңде фторидтерді қолдану, дұрыс тазалау және тамақтану тәртібін өзгерту арқылы үдерісті тоқтатуға болады. Ал қуыс пайда болса, тіс ұлпасы қабынса немесе тіс қатты бұзылса, басқа ем қажет, – дейді дәрігер.

Ал тісте қуыс пайда болса, оны тек пастамен тазалап немесе дәрумен ішіп қалпына келтіру мүмкін емес. Мұндайда қандай ем қажет екенін стоматолог анықтайды.

Ата-аналар баласын стоматологке неге кеш әкеледі?

Балалар стоматологі Айжан Ерғазиеваның айтуынша, көптеген ата-ана баласын тісі ауырғанда ғана дәрігерге апарады.

– Өкінішке қарай, ата-аналардың едәуір бөлігі баласын тісі ауыра бастағанда ғана стоматологке әкеледі. Кейде бала түнде ұйықтай алмай, тамақ ішуден бас тартып, тіпті беті ісінген кезде ғана дәрігерге жүгінеді, – дейді маман.

Бұған бірнеше себеп бар. Кейбір ата-аналар сүт тістерін емдеудің қажеті жоқ деп ойлайды. Енді бірі баласы стоматологтен қорқатындықтан немесе ем қымбатқа түсетіндіктен, дәрігерге баруды кейінге қалдырады.

Ал тіс жегісі бастапқыда ауыртпауы мүмкін. Сондықтан ата-аналар ауруды байқамай қалады.

– Біздің басты мақсатымыз – баланы ауырған кезде емес, тісі сау кезде стоматологке әкелу мәдениетін қалыптастыру, – дейді Айжан Ерғазиева.

Кішкентай балалардың тісін наркозбен емдей ме?

Айжан Ерғазиеваның айтуынша, кішкентай балалардың тісін емдеу үшін наркоз әрдайым қажет емес. Ол көбіне ем ұзаққа созылатын немесе баланы тыныш отырғызып емдеу қиын болатын жағдайларда қарастырылады.

– Екі-үш жасар баланың көп тісі зақымданып, ұзақ әрі күрделі емдеу қажет болса, баланың дәрігермен ынтымақтасуы қиын болуы мүмкін, – дейді маман.

Коллаж: Kazinform / ЖИ

Сәуле Есембаеваның мәліметінше, еліміздегі стоматологиялық көмек көрсету стандартында тіс жегісі асқынған төрт жасқа дейінгі балаларды, сондай-ақ медициналық көрсетілімдері бар өзге балаларды жалпы анестезиямен немесе седация арқылы емдеу қарастырылған.

– Дегенмен наркоз қолдану туралы шешім баланың жасына ғана байланысты емес. Оның денсаулығы, емнің көлемі мен ықтимал қауіптері ескеріледі. Анестезиологтің қорытындысы да маңызды. Мұндай ем қажетті жабдықтары мен тиісті рұқсаты бар медициналық ұйымда жүргізілуі тиіс, – дейді дәрігер.

Балалардың тісін тегін емдетуге бола ма?

Елімізде 18 жасқа дейінгі балалар міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесі арқылы жоспарлы және шұғыл стоматологиялық көмек ала алады. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, жыл сайын балаларға МӘМС аясында 2,7 миллионнан астам стоматологиялық қызмет көрсетіледі. Медициналық көрсетілімдерге қарай тіс жегісін емдеу, пломба салу, тісті жұлу, рентгенге түсіру және қабынған тістерді емдеу қызметтері тегін көрсетіледі.

Ол үшін ата-аналар емханадағы стоматологке немесе Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорымен келісімшарт жасасқан жеке клиникаға тікелей жүгіне алады. Учаскелік дәрігердің жолдамасы қажет емес. Дегенмен барлық емдеу тәсілі мен материал МӘМС есебінен төленбейді. Сондықтан қажетті қызметтің тегін көрсетілетінін алдын ала нақтылаған жөн. Толық ақпаратты 1414 нөмірі арқылы немесе Қордың ресми сайтынан білуге болады.

– Ата-аналардың бәрі бұл мүмкіндіктен хабардар емес. Әсіресе бірнеше тісті қатар емдеу немесе жалпы анестезия қажет болғанда қаржылық қиындықтар туындауы мүмкін, – дейді Айжан Ерғазиева.

Шетел тәжірибесі: балалардың тіс саулығы қалай қорғалады?

Балалардың тіс жегісінің алдын алуда Шотландияның тәжірибесі назар аударуға тұрарлық. Ал Швециядағы бір сот ісі бала тісінің күтімсіз қалуы қандай ауыр салдарға әкелетінін көрсеткен.

Шотландияда тіс жегісі қалай азайды?

Шотландияда 2006 жылдан бері Childsmile бағдарламасы жүзеге асырылып келеді. Балаларға балабақшадан бастап тіс тазалау үйретіледі. Олар тістерін ересектердің бақылауымен тазалайды. Сонымен қатар стоматологиялық тексерулер мен тіс жегісінің алдын алу шаралары жүргізіледі.

2026 жылы British Dental Journal басылымында жарияланған мәліметке сәйкес, Шотландиядағы бес жасар балалар арасында тіс жегісі кездесетіндердің үлесі шамамен 60%-дан 25%-ға дейін төмендеген.

Бағдарламаның қаржылық тиімділігі де зерттелген. Балабақшаларда тіс тазалау жұмыстарын ұйымдастыруға жылына шамамен 1,8 млн фунт жұмсалса, стоматологиялық емге кететін шығынның азаюынан 4,7 млн фунт үнемделетіні есептелген. Аурудың азаюын тек осы бағдарламамен байланыстыруға болмайды. Дегенмен бұл тәжірибе балаларды тіс күтіміне ерте жастан үйретудің маңызын көрсетеді.

Швецияда балаларының тіс күтіміне немқұрайлы қараған ата-аналар сотталды

2025 жылы Швецияның Борос қаласында үш баланың тісі қатты зақымданғаны анықталған. Бір баланың сегіз, қалған екеуінің төрт-төрт тісін жұлуға тура келген.

Швецияның SVT қоғамдық телеарнасының хабарлауынша, ата-аналар балаларының тісін жеткілікті тазаламаған және оларды қажет кезінде стоматологке апармаған. Істі қараған сот 2025 жылғы 5 маусымда ата-ананың әрқайсысын сегіз айға бас бостандығынан айырған.

Фото: www.svt.se

Бұл жерде әңгіме баланың тісін бір рет тазаламау туралы емес. Ата-аналар ұзақ уақыт қажетті күтім мен медициналық көмекті қамтамасыз етпегені, соның салдарынан балалардың денсаулығына ауыр зиян келгені үшін жауапқа тартылған.

Шотландия мен Швециядағы екі жағдайдың сипаты әртүрлі. Бірі тіс жегісінің алдын алу жолдарын көрсетсе, екіншісі ауруды асқындырмай, дер кезінде емдетудің маңызын аңғартады.

Балалардың тіс жегісінің алдын алу үшін қандай жұмыс жүргізіліп жатыр?

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, 2025 жылдан бастап мектептерде тағамдағы қант пен тұз мөлшерін азайтуды көздейтін жаңа тамақтану стандарты енгізілген. «Болашаққа сау тіспен» жобасы аясында екі жыл ішінде стоматологиялық профилактикаға арналған 166 кабинет ашылды. Мұнда оқушыларға тіс күтімі үйретіліп, аурудың алдын алу шаралары жүргізіледі. Сонымен қатар 2027 жылдан бастап ата-аналарға балаларының алдағы медициналық тексерулері туралы SMS-хабарламалар жіберу жоспарланған.

Алайда стоматологиялық кабинеттердің ашылуы тіс жегісінің қаншалықты азайғанын өздігінен көрсетпейді. Оның нәтижесін бағалау үшін балалардың тіс саулығындағы өзгерістерді бақылау қажет. Тағы бір мәселе – алдын алу жұмыстарының басым бөлігі мектеп жасындағы балаларға бағытталған. Ал стоматологтер екі-үш жасында бірнеше тісі қатар бұзылған балаларды да қабылдайды.

Айжан Ерғазиева тіс күтімін мектепке дейінгі кезеңнен бастау қажет деп санайды. Оның пікірінше, балабақшаларда тіс күтімін үйретіп, педиатрлар мен стоматологтердің бірлескен жұмысын күшейткен жөн.

– Менің ойымша, Қазақстанда балалар стоматологиясының басты бағыты емдеуден профилактикаға қарай өзгеруі керек. Біз көбіне ауру асқынған кезде әрекет етеміз. Ал оның алдын алуға әлдеқайда көп көңіл бөлуіміз қажет, – дейді маман.

Баланың тісін қалай сақтап қалуға болады?

Дәрігерлер тіс күтімін алғашқы сүт тісі шыққан кезден бастауға кеңес береді.

Сәуле Есембаеваның айтуынша, кішкентай баланың тісін күніне екі рет ата-анасы тазалауы қажет.

– Құрамында 1000 ppm фториді бар паста ұсынылады: үш жасқа дейін – күріш дәніндей, үш жастан алты жасқа дейін – бұршақтай мөлшерде. Пастаның мөлшерін ересек адам қадағалап, баланы біртіндеп оны түкіруге үйретеді, – дейді маман.

Фото: Виктор Федюнин/ Kazinform

Сонымен қатар екі жасқа дейін қант қосылған тағамдар мен сусындарды бермеу, ал үлкенірек балалардың тәтті сусындарды жиі ішуін шектеу ұсынылады. Баланы алғашқы тісі шыққаннан кейін алты ай ішінде, бірақ бір жасқа толғанға дейін стоматологке көрсеткен дұрыс.

Айжан Ерғазиева емнен кейін де тіс күтімін тоқтатпау керегін ескертеді.

– Егер бала емделгеннен кейін де тәтті тағамдарды жиі жесе, тістерін дұрыс тазаламаса, түнгі уақытта тәтті сусын ішсе және профилактикалық тексеруге келмесе, жаңа тіс жегісі пайда болуы әбден мүмкін, – дейді дәрігер.

Мамандардың айтуынша, тіс жегісінің алдын алу үшін баланың күнделікті әдеттеріне көңіл бөлу маңызды. Өйткені алғашқы тіс шыққаннан бастап жасалған дұрыс күтім кейін күрделі емнің қажет болу қаупін азайтады.