Балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру: Республикалық штаб құрылды
АСТАНА. KAZINFORM - Оқу-ағарту министрлігі балалар демалатын лагерьлердің жұмысына қатысты түсінік берді.
- Қазақстан – балалардың жазғы демалысын ұйымдастыратын санаулы мемлекеттердің бірі. Лагерьлерде 3,1 млн баланы, оның ішінде әлеуметтік осал топтағы 500 мыңнан астам баланы қамту жоспарланған. Сондай-ақ, «Қазақстан халқына» қоры есебінен «Жаздық жолдама» жобасы аясында 10 мың баланы қабылдау ескерілген, - делінген министрліктің Kazinform агенттігіне берген жауабында.
Жалпы, қазір барлық лагерьлерге бірдей талап қойылды. Жазғы демалысты ұйымдастыру мақсатында Оқу-ағарту министрлігі 9 мемлекеттік органмен келісілген жазғы демалысты ұйымдастыру жөніндегі бірлескен іс-шаралар жоспарын (2024-2026 жылдарға арналған) әзірлеп қабылдады. Іс-шаралар жоспарына сәйкес, Оқу-ағарту, Денсаулық сақтау, Ішкі істер, Төтенше жағдай, Мәдениет және ақпарат, Туризм және спорт министрліктері өз құзыреті аясында жазғы демалысты ұйымдастыру және балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелерін үйлестіреді.
- Балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру бойынша Республикалық штаб және өңірлік ведомствоаралық штабтар құрылды. Биылғы жазда жұмысын бастауды жоспарлап отырған балалар сауықтыру орталықтарының тізбесі жасалды. Лагерьлердің санитарлық нормаларға, азық-түлік қауіпсіздігіне, судағы, ормандағы, спорт объектілеріндегі қауіпсіздікке сәйкестігін бақылау күшейтілді. Балалардың демалысын сапалы ұйымдастыру үшін облыстар, Астана және Алматы қалалары әкімдерінің орынбасарлары жазғы демалысты ұйымдастыру жөніндегі өңірлік жоспарларды бекітті. Оның алдындағы орын алған жағдайларды ескере отырып, биылғы жазғы демалысты ерекше дайындықтармен өткізу - өңірлік білім басқармаларының алдында тұрған басты міндеттердің бірі. Санитарлық-эпидемиологиялық рұқсаттама алмаған лагерлердің жұмысына рұқсат берілмейді, - деп аталып өткен ведомство ақпаратында.
Бұл ретте, жазғы демалысты ұйымдастыру мен өткізу, сондай-ақ балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін дербес жауапкершілік жергілікті атқарушы органдарға жүктелді.
Атап айтқанда, осы жылы 16 жыл бойы жұмыс істеген 189 маусымдық, тамағы бар және тамақсыз 10 мыңнан астам мектеп жанындағы, 512 шатырлы және киіз үй лагерьлерін кезең-кезеңімен ашу жоспарланған.
Бұдан бұрын хабарланғандай, елордада 210 мыңнан астам оқушы жазғы демалыс кезінде лагеріне барады.
Биыл Қазақстан бойынша 3 908 450 бала оқу жылын аяқтайды.