Балаларды ақпараттық қорғау саласындағы өзекті мәселелер
Балаларды ақпараттық қорғау үшін елімізде мемлекеттік органдар тарапынан бірқатар жүйелі іс-шаралар өткізіліп жатқанын атап өту қажет.
Аталған мәселелерді құқықтық реттеу бойынша, сонымен қатар мониторинг және бақылау, қайсібір қауіп-қатердің алдын-алу, оларды табу және жауапқа тарту бойынша алуан түрлі іс-шаралар жүзеге асырылуда.
Балаларды, сонымен қатар олардың өсіп-жетілуі мен денсаулығына зиян келтіретін ақпараттан қорғау бірқатар заңнамалық нормаларда қарастырылған:
- баланың физикалық, психологиялық және адамгершілік дамуына зиян келтіретін телебағдарламаларды таратқаны үшін әкімшілік жауапкершілік («Әкімшілік құқықбұзушылық туралы» Кодексі 452-бап, 9-бөлім);
- баланың рухани және адамгерілік дамуына зиян келтіретін ақпаратты таратуға тыйым салу («Қазақстан Республикасындағы баланың құқықтары туралы» Заңы 39-бап, 1-тармақ);
- жергілікті уақыт бойынша 06.00-ден 22.00-ге дейінгі кезеңде «Е 18» индекстегі фильмдер мен телебағдарламаларды көруге шектеу қою («Телерадиохабар тарату туралы», «Мәдениет туралы» ҚР Заңдары);
- шетелдік телеарналарды ретрансляциялау кезінде операторлардың жауапкершілігі («Телерадиохабар тарату туралы» ҚР Заңы, 29-бап, 2-тармақ);
- порнографияны, қатыгездік пен зорлық-зомбылықты дәріптейтін, адамның қадір-қасиетін қорлайтын, балаларға зиянды әсер ететін және құқықбұзуышылыққа ықпал ететін бұқаралық ақпарат құралдарын, әдебиетті, ойын-сауық және басқа іс-шараларды пайдалану («Қазақстан Республикасындағы баланың құқықтары туралы» Заңы 34-бап, 3-тармақ);
- интернетке қол жеткізу қызметтерін көрсету кезінде байланыс операторы соттың заңды күшіне енген шешімімен немесе Қазақстан Республикасының заңдарымен тыйым салынған ақпаратқа қолжетімділікті шектеуге міндетті («Байланыс туралы» Заң 36 бап, 1-3 тармақ);
- тыйым салынған ақпаратқа қолжетімділікті шектеу бойынша дереу шаралар қолдануға міндетті («Байланыс туралы» ҚР Заңы 41-1-бап, 1-1-тармақ);
Алдын-алу шаралары ретінде білім беру ұйымдары прокуратура және ата-аналар қоғамдастығымен бірлесіп, балалардың тәртібі мен бос уақытын бақылауды күшейту бойынша үнемі түсіндіру жұмыстарын жүргізіп отырады.
Былтырғы статистика бойынша, сандарды сөйлетсек, уәкілетті органмен жүргізілген ескерту жұмыстарының негізінде интернет-ресурстар әкімшіліктерімен 110 мыңнан астам құқыққа қарсы материалдар жойылған. Сондай-ақ, 1148 құқыққа қарсы материалдарға қатысты 144 сот органдарының шешімдері орындалды. Қатыгездікті, зорлық-зомбылыққа бас ұруды және порнографияны насихаттайтын 26081 материалдарға қолжетімділікті шектеу бойынша шаралар қолданылды.
Биылғы жылдың басынан Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің талаптары бойынша әлеуметтік желілерде орналасқан суицидтік мінездегі 237 қоғамдастықтар мен топтар жабылған.
Балалардың құқықтары мен заңды мүддесін қорғау мәселелері бойынша жұртшылықты жүйелі түрде ақпараттандырып отыру үшін Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің Web-сайты (www.bala-kkk.kz) жұмыс істейді.