Өнерлі балаларды қолдау мақсатында өткізілетін «Жұлдызай» фестивалі он жылдың ішінде 36 мыңнан астам талантты жасөспірімді қамтыған. Түрлі жастағы дарынды балалар көптеген мәдени ойын-сауық шараларына, көрмелерге, флешмобтарға, шеберлік сағаттарына қатысып, талай тарихи және мемориалды кешендерді аралады.
Ағымдағы жылы 6-20 сәуір аралығында өткізілген іріктеу кезеңінде Қазақстанның 16 қаласынан 2000-нан астам бала өз өнерлерін ортаға салды. Жалпы, 300 бала іріктеу кезеңінен өтті.
Фестивальдің екінші кезеңі «Астана» ұлттық арт-галереясында ұйымдастырылды. Әділ қазылар алқасындағы ҚР еңбек сіңірген өнер қайраткерлері, эстрада жұлдыздары байқауға қатысушыларға әділ бағасын берді. Қорытынды шоу маусымның 1 күні «Қазақстан» концерт залында өтеді. Оған отандық әртістермен қатар Ресейдің еңбек сіңірген қайраткері Диана Гурцкая қатысады деп күтілуде.