***
Кеше Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Ақордада Бразилия, Германия және АҚШ елшілерінен сенім грамоталарын қабылдады. Осыған орай «Егемен Қазақстан» газетінде «Сенім грамоталарын қабылдады» деген тақырыппен көлемді мақала жарық көрді. Басылымның атап өтуінше, аталған елшілерден сенім грамоталарын қабылдағаннан кейін Елбасы қысқаша сөз сөйлеп, елшілерді қызметтерімен құттықтады. Олардың қызметке кірісуі Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жылдық дүбірлі мерекесінің қарсаңына сәйкес келгендігін атап өтіп, мемлекет тарапынан олардың жұмысының жемісті болуына, ел мен елдің арасын жақындастыруына, ынтымақты қарым-қатынасты одан әрі нығайтуларына барлық мүмкіндіктер жасайтындығын атап көрсетті.
«Еуразиялық тұтастықтың озықтығы, осы кеңістіктегі интеграцияны құрудың өмірлік қажеттігі, ортақ бірлестіктің қағидаттары мен бағдарламасы туралы идеяны Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев алғаш рет 1994 жылдың наурыз айында Мәскеу мемлекеттік университетінің оқытушылары мен студенттерінің алдында сөйлеген сөзінде көтерген болатын. Бүгінгі күні сол идея іске асып, өзінің жемісін бере бастады», - деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті. Мақаланың толық нұсқасын «Еуразияшылдық идеясы өмірге белсене енуде» деген тақырыптан оқи аласыздар.
***
Биылғы жыл еліміздің тарихында ерекше жыл екені бәрімізге мәлім. Қазақстандықтар баршамыздың басы құндылығымыз болып отырған мемлекетіміз тәуелсіздігінің 20 жылдығын атап өтеді. Оның үстіне үстіміздегі жылы Қазақстан Республикасының Парламенті қазақ елінің мемлекеттік тәуелсіздігінің 20 жылдығы декларациясын қабылдағалы отыр. Осыған байланысты «Айқын» газеті аталған құжатты әзірлеп жатқан арнайы жұмыс тобының мүшесі, Сенат депутаты Әділ Ахметовті сұхбатқа тартқан. Екеуара әңгіме басылымның сәрсенбілік санында «20 жылдықтың декларациясы - серпінді дамудың негізі» деген тақырыппен берілген.
«Айқын» газетінің жазуынша, дүниежүзілік бокс сериясы жарысының жаңа маусымының басталуына екі аптадан сәл ғана астам уақыт қалды. Былтырғы жылы АИБА-ның бастамасымен өмірге келген бұл шара спортсүйер қауымның тарапынан зор қызығушылыққа ие болып, бірден көпшіліктің көңілінен шықты. Өйткені ДБС додасы кәсіпқой мен әуесқой боксшылардың басын біріктіріп, екі жаққа да ортақ ереже бойынша өтеді. Шаршы алаңға шыққан жігіттер бас киімсіз бәсекеге түседі. Бұл жайында толығырақ «Арландар» Америкаға аттанады» деген мақаладан біле аласыздар.
***
«Шымкентте бала ұрлаушылар пайда болыпты, сақ болыңдар!» деген ескертудің гулеп кеткені белгілі. Тұрғындар балаларын бақшаға, мектепке апарудан қорқып қалды. Бірақ ел ішіндегі үрейді күшейткен сыбыстардың бәрі құр қауесет болып шықты. Оңтүстіктің полицейлері жұртты қорқытатын парақшалар таратып лаң салып жүргендерді ұстады. Бұл жайында «Алаш айнасы» газетінің бүгінгі нөміріндегі «Балаларды «құрбандыққа шалғысы» келгендер ұсталды» деген тақырыптағы мақалада кеңінен баяндалған. Басылымның атап өтуінше, «Әлдекімдер Құрбан айт күні 70 баланы құрбандыққа шалады екен» деген алыпқашпа әңгіме Шымкентте желдей есіп кеткен еді. Сонымен қатар жуырда Атакент ауылында әлдекім мектеп маңына «құрбан айтқа әр мектептен 15 баланы бауыздаймыз» деп жазып кетіп, үрейді одан бетер күшейткен. Бірақ халықтың берекетін алған бұл желсөздер әлдебір қаскөйлердің әңгімесі ғана екендігі анықталып отыр.
Осы басылымның жазуынша, кеше Министрлер кабинеті еліміздің сот жүйесі үшін аса маңызды құжатты қабылдады. Үкімет «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьялардың мәртебесі туралы» Конституциялық заңға өзгерістер мен толықтыруларды енгізу мәселесін бірауыздан қолдап, оның Парламент Мәжілісі депутаттарының қарауынан сәтті өтуін тіледі. «Бізде жылына миллионға жуық сот істері қаралады. Ал енді Жоғарғы сот осы істер бойынша, олардың заңды үкімінің күшіне енген сот шешімдерінің заңдылығын тексеруге барлық кезде үлгеріп отыр ма, оған даяр ма деген мәселеге келгенде уақыттың өзі бұл мәселеде жергілікті облыстық соттардың әлеуетін кеңейту мәселесін қарастырып отыр», - деп атап өткен Жоғарғы сот төрағасы Б.Бекназаров.
***
«Казахстанская правда» газетінің жазуынша, Мемлекет басшысының атына Қостанай облысының әкімі Сергей Кулагиннен хат келді. Онда: «Аса құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы! Қостанай облысының диқандары астық жинау науқанын табысты аяқтады. Мол астықтың түсімі гектарынан 20,2 центнерден айналып, 8 млн. 681 мың тонна астық жиналды. Мұндай бітік астық өңірдің тарихында алғаш рет жиналып отыр. Бұл жетістік ауыл еңбеккерлерінің ел Тәуелсіздігінің 20 жылдық мерейтойын лайықты қарсы алуға қосқан өзіндік үлесі болып табылады. Сіздің қолдауыңыз бен айтарлықтай қаржылық көмегіңіз ауыл еңбеккерлеріне мол астық өсіріп, рекордтық өнім жинауға мүмкіндіктер берді», - делінген хатта.