Балаларды медиазорлықтан қорғайтын заң қажет - А. Смайыл

АСТАНА. 3 қараша. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Бізге балаларды медиазорлықтан қорғайтын заң керек. Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің отырысында Үкімет басшысының атына сауал жолдаған депутат Алдан Смайыл осылай мәлім етті.

Депутаттың айтуынша, соңғы уақытта компьютерлік һәм электрондық нұсқадағы ойындар балалардың мінез-құлқы мен психологиясына кері әсер ететін сұрапылға айналып барады. Оның нақтылы көрінісі қандай екендігіне де тоқталған А. Смайыл, кейінгі кезері мектеп жасындағы балалар арасында болып жатқан елдің жағасын ұстатқан оқиғаларды алға тартты.

«Халықаралық жиындарда келтірілген деректерге қарасақ, кабелдік арналар арқылы балалар күніне 17 өлім көріністерін байқайды, 37 рет атыс-шабыс, ұрып-соғу секілді қатыгездік сценаларын көреді екен. Осының бәрінің алдын алу үшін АҚШ Конгресі 1954 жылы телезорлықтың әсерін талқыласа, 1972 жылы медиазорлықтың кәмелетке толмағандарға теріс ықпалын 50 америка ғалымы арнайы зерттеп, 5 томдық еңбек жазған. 2003 жылы осы елде балаларды бейнеойындағы жыныстық қатынас пен зорлықтардан қорғау туралы заң қабылданған. 2005 жылы Ресей телеарналарының бір топ жетекшісі зорлық пен қытагездік хартиясына қол қойып, өздері басқарып отырған арналарда бұған жол бермеуге келісті. Бұндай қадамға біздің телебасшылар барса құптарлық іс еді», -деді депутат.

Оның айтуына қарағанда, көптеген өркениетті елдерде балалардың медиазорлықтан қорғайтын арнайы заңдары бар. Мәселен, Латвия 1995 жылы телерадио хабары туралы заңда оған тиым салды. АҚШ, Канада, Германия, Англия, Жапония секілді бірқатар елдерде балаларды зиянды компьютерлік ойындар мен телекөрсетілімдерден қорғайтын заңдар бұдан көп бұрын күшіне енген. Мұндай заңдар Грузияда 2001 жылы, Украинада 2003 жылы қабылданыпты.

«Бұл қадамға біз де баруымыз керек. Сөрелерде қаптап, бақылаудан тыс қалған компьютерлік ойындарды мемлекеттік тұрғыдан қадағалайтын, сырт елдерден келетін телехабарларды ақпараттық сүзгіден өткізу туралы қойылып жүрген талаптарға жауапкершілікпен қарайтын кез жетті. Республиканың кейбір мектептерінде болып жатқан балалар өлімі туралы ойланғанда ақпараттық қатыгездікті тоқтату мәселесі толғандыруға тиіс. Бізге балаларды медиазорлықтан қорғайтын заң керек. Түрлі заңдарға сыналап енгізілген бірді-екілі баптарды зерттеп қарасақ, олардың жалпылама әрі жайдақ екендігіне, арнайы қарастырылмаған соң көбіне орындалмайтынына көз жеткіземіз»,- деді А. Смайыл.