Балаларды мектепке 6 жастан қабылдау мәселесi Парламентте қаралуда

АСТАНА. ҚазАқпарат - Мектепке 6 жастан қабылдау мәселесi Парламент iргесiнде қаралуда. Бұл туралы бүгiн Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте «Нұр Отан» парламенттік фракциясының мүшесі, ҚР Парламентi мәжiлiсiнiң депутаты Гүлмира Исинбаева мәлiм еттi.

«Баланы мектепке 6 жастан қабылдау жөнiнде айтар болсақ, қазіргі таңда қолданыстағы Білім туралы заңға сәйкес мектепке қабылдау 6 және 7 жастан жүргiзiлiп келедi. Ол ата-ананың қалауына байланысты, баланың дайындығына байланысты. Парламент мәжілісiне ұсынылып отырған заң жобасында 6 жастан қабылдау көзделіп отыр. Бұл әзірге жоба ретінде, ол қабылданып отырған жоқ. Бұл мәселенi біз жан-жақты қарауымыз керек. Бір жағынан қарағанда, 6 жас балаларға тым ерте деуімізге болады. Екінші жағынан қарағанда, ол 12 жылдық білім беру жүйесіне көшуге байланысты болып отыр. 7 жастан ары қарай 12 жыл оқыған кезде баланың жасы ұлғаяды. Бұл мәселенің шешімін ары қарай заң жобасын талқылаған кезде депутаттар министрлікпен бірлесіп, бір шешімге келеміз деп отырмын», - деп атап өттi мәжiлiс депутаты.

Оның ойынша, 6 жастан болған жағдайда балалардың оқу бағдарламасын айтарлықтай жеңілдету керек. «Ол жас ерекшеліктеріне сәйкес, баланың өзінің ақыл-ойына, өрісіне, дамуына байланысты қабылдай алатындай ғана ақпарат болуы керек. Біз батысқа көп сілтейміз, бірақ батысты 5, 4 немесе 6 жастан да қабылдайтын мектептер бар. Бірақ олардың бағдарламасы біздің балабақшаның бағдарламасынан да жеңіл. Ол үшінші сыныпқа дейін мысалы, Германияда бала сурет салады, қағаздан, пластилиннен заттарды құрастырып отырады. Сонда баланың жалпы дамуымен айналысады. Сондықтан біз ол мәселеде мектепке 6 жастан қабылдауға көшсек, онда бағдарламаны біз жеңілдетуіміз керек», - деп түйдi ойын ол.