Балаларды өрттен құтқарған ХҚКО қызметкері марапатталды - Қостанай

ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясында бірнеше адамның өмірін құтқарған қостанайлық ержүрек жігіттер Айдар Мұстафин, Диас Рахметов және Руслан Құрманов марапатталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, 21 тамыз күні Қостанайда отбасылық жатақхана өртеніп, 2 бала құтқарылды.  Белгілі болғандай, балаларды Айдар Мұстафин есімді жігіт құтқарып қалған. Ол Қостанайдағы мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығында жұмыс істейді. Айта кетейік, сол күні Айдарға Диас Рахметов және Руслан Құрманов есімді екі әріптесі көмектескен.

Бүгін балаларды құтқарып, батырлық танытқан жігіттер ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаевтың алғыс хатына ие болды. Сондай-ақ, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорацияның басқарма төрағасы Абылайхан Оспанов әріптестеріне құрмет грамотасы мен ақшалай сыйлық табыс етті.

«Мен соншалықты батырлық таныттым деп ойламаймын, өзгеге көмектесу әркімнің міндеті», - дейді Айдар Мұстафин.

Еске салсақ, ол темір торлар арқылы түтінге толған пәтердің терезесіне өрмелеп шығып, төменде тұрған әріптестеріне бала мен жасөспірімді табыстаған болатын. Сосын түтінге тұншығып жатқан қарияларға көмектесу үшін пәтерге кірген. Екі орамалды сулап, бірін қарт кісілерге берсе, екіншісімен түтін кіріп жатқан есікті қымтады.

Оқиға орнына жеткен өрт сөндірушілер мен ЖҚАЖ (жылдам қимылдайтын арнайы жасақ) қызметкерлері өрт шыққан үйдегі адамдарды сыртқа шығарады. Сондай-ақ олар өзгені құтқару үшін өз өмірін қауіпке тігіп, түтінге улана бастаған Айдарға да көмек көрсетті.

Айдар, Диас және Руслан «Азаматтарға арналған үкіметтің» Қостанай қаласындағы vамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығында жұмыс істейді. Олар күнделікті қызмет барысында автокөлік иелеріне анықтамалық ақпарат беріп, азаматтардың құжаттарын рәсімдейді.  Айдар ХҚО жүйесінде 9 жылдан бері жұмыс істеп, жас мамандарға үлгі боп келеді. Енді ол тек еңбекте ғана емес, өмірде де өзгеге өнеге болуда.