Балаларды жазда жарақаттанудан қалай сақтауға болады: Дәрігер кеңесі

АСТАНА. ҚазАқпарат – Денсаулық сақтау министрлігі Ұлттық қоғамдық денсаулық сақтау орталығы Инфекциялық емес аурулардың профилактикасы департаментінің бас маманы Қуаныш Әлімбетов жазғы демалыс кезінде балаларды жарақаттанудан қорғауға қатысты кеңес берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Жазда жарақаттану профилактикасының негізгі әдісі – алдын ала қамдану және сақтану.

«Маңызды ереже – ауа райына сәйкес киім мен аяқ киімді таңдаңыз, жазғы спорт түрлерімен және ойындармен айналысу кезінде қауіпсіз мінез-құлық ережелерін сақтау, балаларды қараусыз қалдырмау.

Москит торлары бар ашық тұрған терезелерден, әсіресе биік қабаттарда орналасқан терезелерден абай болу қажет. Кішкентай балалар көбіне ашық терезелерден құлап кетеді, өйткені москит торы оларда қауіпсіздік туралы жалған түсінік тудырады. Сондықтан балалар оған сүйеніп, құлап кетуі ықтимал. Мұндай торлардың дизайны ауыр салмаққа, тіпті кішкентай бала массасына да арналмаған», - дейді маман.

Спикердің айтуынша, қыста да, жазда да жолдан өткенде қырағы болу қажет.

«Бала көліктің келе жатқанын көреді, бірақ көбіне жылдам өтіп кетуге талпынады. Жүргізуші тежегішті әрдайым басып үлгере бермейді. Жолдан тек жаяу жүргіншілерге арналған жолақ арылы өту керек. Еш жағдайда жүгіріп өтуге болмайды, барынша мұқияттылық қажет. Жол қозғалысы ережелерін сақтау міндетті», - дейді Қуаныш Әлімбетов.

Мәлім етілгендей, жазда жиі кездесетін тағы бір жарақат – күйік шалу.

«Жоғары температураның немесе ашық жалынның әсерінен тіндердің зақымдануы сіріңкелерді, тез тұтанатын қоспалар мен заттарды абайсыз қолдану салдарынан болуы ықтимал. Көбінесе сіріңкемен ойнайтын балалар терек мамығын жағады, бұл қураған немесе кепкен шөптің тұтануына әкеледі. Сондықтан балалармен әңгіме жүргізіп, сіріңке балаларға арналған ойыншық емес екенін түсіндіру қажет», - дейді спикер.

Маманның кеңесіне сүйенсек, жағымсыз салдардың алдын алу үшін баланы серуендеуге дұрыс киіндіріп, ауыз су ала шығуды ұмытпаған жөн. Далада дұрыс таңдалмаған ойынның ықтимал қаупі туралы да ескерту маңызды.

Қыс мезгіліне қарағанда жазда көшеде қараңғы болатынын ескеріңіз. Сол себепті жазда ашық түсті, ең дұрысы жарық шағылыстыратын жолақтары бар киім кигізген жөн.

«Жарақат алған болсаңыз, диагнозды нақтылау және денсаулыққа қауіп төндіретін жағдайларды болдырмау үшін міндетті түрде медициналық мекемеге хабарласыңыз. Себебі дәрігер ғана тексеріп, дұрыс диагноз қоя алады және қажетті емдеуді тағайындай алады. Ауырсыну өздігімен басылғанын күтпеңіз және үміттенбеңіз, өз бетіңізбен емдеуге тырыспаңыз. Бұлай тек уақытты жоғалтып аласыз.

Барлық жарақаттар бірден көрінбеуі мүмкін, тіпті жеңіл ауырсыну кезінде де буын шығып кеткен болуы ықтимал.

Уақытында басталған ем жылдам сауығудың негізі әрі жарақаттан кейінгі асқынулардың профилактикасы болып табылады», - деді маман.