Балалардың арасындағы суицидпен байланысты жағдай әлі де алаңдатады - Зағипа Балиева

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты әрі бала құқықтары жөніндегі уәкіл Зағипа Балиева елімізде балаларды интернеттегі «қауіп-қатерден» қорғау жұмыстары қалай жүргізіліп жатқанын айтып берді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Баспасөз мәслихаты барысында Зағипа Балиеваға «көк кит» секілді қауіпті ақпарат көздерінен балаларды қорғау жұмысы қалай жүзеге асырылып жатқаны туралы сауал қойылған болатын.

«Мұндай сайттар (көк кит - авт) аз болды. Бірақ, болды. Қауіпті сайттар Қазақстанның аумағында тіркелген жоқ. Қазақстаннан тыс аумақтан анықталды. Барлық құқық қорғау органдары қауіптің алдын алу бағытында жұмыс жүргізді. Бүгінгі таңда елімізде ондай сайттар жоқ. Қазіргі таңда дайындалып жатқан киберқалқан жүйесіне үлкен үміт артамын. Оның мақсаты да - осындай қауіпті сайттардың пиғылына тосқауыл қою», - дейді Мәжіліс депутаты.

Зағипа Балиеваның айтуына қарағанда, мұндай сайттар өте жедел пайда болады.

«Бірақ, қазіргі уақытта балалардың өзі де мұндай ақпарат көздерінен өзін-өзі қалай қорғау керектігін үйреніп қалды. 111 сенім телефоны, «Ақ сайттар тізімі» осындай қауіптердің алдын алуға бағытталып отыр. Балалар арасында суицидпен байланысты жағдай әлі де алаңдатарлықтай. Сондықтан, оларды қорғау үшін бірқатар жобаларды қолға алып, жұмыстарды ширата түскіміз келеді», - дейді Зағипа Балиева.