Балалардың есту қабілеті уақыт өте келе жоғалуы мүмкін – дәрігер

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Аудиологиялық скрининг жаңа туған нәресте, кішкентай балалардың есту қабілетінің бұзылуын дер кезінде анықтау, мүгедектікке әкелетін ауруды ертерек емдеу және алдын алу мақсатында жүргізіледі. Бұл туралы Алматы қаласы №36 қалалық емхананың педиатр дәрігері Мөлдір Досжан айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Спикердің айтуынша, жаңа туған нәрестелер мен 6 жасқа дейінгі балалар аудиологиялық скринингтен өтеді.

«Есту патологиясы баланың дамуына теріс әсер етеді. Атап айтқанда, сөйлеу мен тіл дамуының кешігуіне, әлеуметтік, эмоционалдық және коммуникациялық дағдылардың қалыптасуының бұзылуына, когнитивті дамудың кешігуіне және төмендеуіне әкелетін туа біткен немесе ерте есту қабілетінің жоғалуына әкеледі. Теріс әсердің ауырлығы есту қабілетінің бұзылуының түрі мен дәрежесіне, есту қабілетінің жоғалуының басталу жасына қарай түрлі болуы мүмкін.

Есту қабілеті нашар балаларды есту ортасына біріктірудің сәттілігі көбіне есту қабілетінің жоғалуы қаншалықты ерте анықталғанына байланысты. Егер түзетілмеген есту қабілетінің жоғалуы тілді меңгерудің маңызды кезеңінде болса, онда балалар қабылдау және экспрессивті сөйлеудің терең бұзылуын, өрескел даму кешігулерін бастан өткеруі мүмкін. Есту қабілетінің бұзылуын дер кезінде диагностикалау және көмек көрсету бағдарламасын бастау есту қабілетінің жоғалуының жағымсыз салдарын барынша азайтудың қажетті шарты болып табылады», - деді дәрігер.

Ол есту қабілеті бұзылған балалардың шамамен жартысында есту қабілетінің жоғалуы мен кереңдіктің дамуы үшін айқын қауіп факторы жоқ екенін айтты. Есту қабілетінің жоғалуы ата-ана мен мамандардың назарын аудармай, бірте-бірте пайда болуы мүмкін. Бұл неонатальды кезеңнен бастап балаларды жаппай тексеру қажет екенін көрсетеді.

Жаңа туған нәрестеге арналған аудиологиялық скринингтің бірінші кезеңі өмірінің алғашқы 24-72 сағатында жүзеге асырылады. Екінші кезеңі бала 3 ай, 1 жас, 2 жас, 3 жас, 6 жасқа жеткенде жүргізіледі.