Балалардың суға кету дерегі артып тұр - ТЖК ресми өкілі

АСТАНА. ҚазАқпарат - Ағымдағы жылдың 6 айында еліміздің су айындарында 195 адам батып кетті. Бұл туралы бүгін ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитетінің ресми өкілі Руслан Иманқұлов мәлім етті.

«Тиімді және уақытылы қабылданған шаралардың арқасында жыл басынан бері суға батып кеткен адамдардың саны 28 пайызға, яғни 75 адамға азайды. Ал тек суға шомылу маусымы кезінде адамдардың суға батуы 98 адамға төмендеді. Мәселен, статистикалық деректерге сүйенетін болсақ, ағымдағы жылдың 6 айында су айындарында 195 адам, оның ішінде 75 бала суға батып кетті», - деді ол.

Ресми өкілдің деректеріне қарағанда, өткен жылдың сәйкес кезеңінде 270 адам, оның ішінде 48 бала суға батып кеткен.

«Ал осы жылы суға шомылу маусымы басталғаннан бері 84 адам, оның ішінде 15 бала суға кетті. Есте болса, өткен жылдың суға шомылу маусымының алғашқы айында 182 адам, оның ішінде 11 бала суға батқан еді. Деректерден көріп отырғанымыздай, биыл адамдардың суға кетуі біршама төмендеді. Алайда, өкінішке орай, балалардың суға батуы көбейіп тұр»,  - деді Р.Иманқұлов.