Балалардың жазғы лагерьде демалу құны қанша
Energyprom.kz порталының мәліметінше, кішкентай қазақстандықтар үшін қала сыртындағы орталықтардағы жазғы туристік демалыстың құны өңірлерге қарай әрқилы. Бұл ауысым ұзақтығына (7, 10, 12 күн), маусымға (жаздың соңында баға төменірек), ұйымның профиліне, мәртебесіне сияқты көптеген факторға байланысты. Мәселен, Шымкент іргесіндегі Delve Camp ағылшын лагерінде тұру 159 мың теңгеге дейін жетеді. Ал өңірлердегі стандартты туристік балалар орталықтарындағы орташа баға 80-100 мың теңгені құрайды.
Ең қымбаты – «Балдәурен» республикалық оқу-сауықтыру орталығы. Ол барлық басқа лагерьлер арасында ауқымы жағынан да, қызмет көрсету сапасы жағынан да ерекшеленеді. Онда балалар сауықтыру және реабилитациядан өтеді. Жолдамаларды Оқу-ағарту министрлігі бірінші кезекте дарынды балаларға, жетім балаларға, ерекше білім беруді қажет ететін балаларға, аз қамтылған отбасылардан шыққан мектеп оқушыларына таратады. Ол жерге баланы коммерциялық негізде жіберу үшін 15 күндік ауысымға 240 мың теңге төлеу керек. Бұл – Қапшағай су қоймасының жағалауында, Қонаевта орналасқан «Балдәурен» бөлімшесіне билеттің бағасы. «Артек» қағидаты бойынша құрылған бұл оқу-сауықтыру орталығының бөлімшелері Щучье, Шымкент және Қарағанды облысында да жұмыс істейді.