Денсаулық сақтау министрлігі каникул кезеңінде балалардың сауықтыру демалысын, бос уақытын және жұмыспен қамтылуын ұйымдастыруда медициналық қызмет көрсету бойынша жергілікті атқарушы органдарды үйлестіруді, сауықтыру мекемелерінде балалардың жағдайының қауіпсіздігіне санитариялық-эпидемиологиялық бақылауды ұйымдастырады.
«Әкімдіктердің мәліметінше, биыл жазғы маусымда 12 мыңға жуық лагерь, оның ішінде 11 мыңнан астам мектеп жанындағы лагерь, 236-ға жуық қала сыртындағы сауықтыру лагерін ашу жоспарлануда, онда 1 млн 600 мыңнан астам бала демалады. Медициналық-санитариялық алғашқы көмек деңгейінде балаларды медициналық тексеру, оның ішінде иммундық статусы, денсаулық жағдайы туралы анықтамалар беру, инфекциялық науқастармен байланысы жоқтығын тексеру ұйымдастырылады», - деді министр Үкімет отырысында.
Оның айтуынша, қала маңындағы лагерлерде 400-ге жуық медицина қызметкері медициналық көмек көрсетеді.
Сондай-ақ, сауықтыру мекемелеріне қойылатын негізгі талаптар да бар.
«Балалар келгенше барлық қала сыртындағы лагерлер санитариялық-эпидемиологиялық талаптарға сәйкестігін растайтын санитариялық-эпидемиологиялық қорытынды алуға міндетті. Тамақ дайындау және тамақтану шарттары мен қауіпсіздігі, су қоймалары мен бассейндерді қоса алғанда, тұру және демалу жағдайлары, ауыз су қауіпсіздігі тексеріледі. Аумақ пен үй-жайлар кеміргіштерге, жәндіктерге, кенелерге және қан сорғыштарға қарсы тазартылуы керек», - деп түсіндірді А. Ғиният.
Санитариялық-эпидемиологиялық қорытынды болмаған кезде балаларды қала сыртындағы лагерлерге қабылдауға жол берілмейді.
«Жазғы лагерді таңдау кезінде ата-ананың әрекеттері аса маңызды. Ата-аналарға министрлік сайтында, сондай-ақ Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің және оның аумақтық департаменттерінің сайттарында қорытынды алған қала сыртындағы лагерлер туралы ақпаратты пайдалануды ұсынамыз. Сұрақтар туындаған жағдайда жедел желі телефонына хабарласуға болады», - деді Денсаулық сақтау министрі.