Балаларға арналған аттракциондардың иелеріне қойылатын талап күшейтіледі

АСТАНА. 27 мамыр. ҚазАқпарат - «ҚР Білім және ғылым министрлігі Балалар құқығын қорғау жөніндегі комитет баларға арналған аттракциондар иелеріне талапты күшейтуді ұсынды», - деді бүгін өткен баспасөз мәслихатында Комитет төрағасы Раиса Шер.

Еске салайық, 24 мамыр, сейсенбі күні Маңғыстау облысындағы Мұнайшы кентінде дауылды желдің салдарынан үрлемелі батут аударылып, соның салдарынан 14 бала зардап шеккен болатын.

Бірнеше бала облыс орталығындағы балалар ауруханасының хирургия бөлімшесіне түссе, бір бүлдіршін жан сақтау бөлімінде жатыр. Маңғыстау облысы бойынша Ішкі істер департаменті абайсыза денсаулыққа зиян келтіру фактісі бойынша қылмыстық іс қозғады.

«Не нәрсеге болсын тыйым салу - оңай шаруа. Мәселе тәртіп орнатуда. Сондықтан ҚР Білім және ғылым министрлігі Балалар құқығын қорғау жөніндегі комитет аттракциондардағы қайғылы жағдайларға байланысты Индустрия және жаңа технологиялар министрлігіне аттракциондандың иелеріне жауапкершілікті арттыру жөнінде Қазақстан Республикасының заңнамасына өзгертулер енгізу туралы ұсынымдар түсірді», - деп атап өтті ол.

Сондай-ақ Р.Шер, Комитет өзінің құзыреті шеңберінде зардап шеккен балалардың ата-аналарына көмек көрсетуге даярлығын айтты.